Қоғам

Су кірген үйлерде сору жұмыстары жүргізілуде

Толассыз еріген қар суы мен жақында жауған жаңбыр салдарынан Жұмысшы кентінің тұрғындары жапа шегуде. Мұндағы үйлерге су кіріп жатыр. Людмила Луценко тұратын баспана еденін су кеше күндізгі 4-те басқан.

ЛЮДМИЛА ЛУЦЕНКО, қала тұрғыны:

– Су бірінші пешүйге кірді. Кейін қалған бөлмелерге жайылды. Тамақ істеп, шай қайната алмай отырмыз. Себебі, от тұтанып кете ме деп қорқамыз. Өзіміз бұл үйге 2 жыл бұрын көшіп келдік. Өткен жылы бұлай болмаған.

Кешеден бері баспанадан бірнеше рет су сорылыпты. Бірақ, қызыл су қайта келіп жатыр екен. Мамандар аталған учаскеде күн-түн демей тер төгуге мәжбүр.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАС, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– Жұмысшы кентінде орналасқан 5 үйге су кірген. Бұл үйлер 60-70-ші жылы салынған. Едендері қазіргі таңда жердің деңгейінен төмен. Сондықтан, су жиналып жатыр. 2-10 Наурыз айынан бастап су басу қаупі жоғары жер үй учаскелерінен қар шығару жұмыстарын бастадық. Алайда, осы айда жауын-шашын мөлшері өте көп болды. Төмен температура орнап, суағарлар мұз болып қатып қалды. Бұл қазіргі таңда жұмысты тежеп жатыр.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Жұмабаев көшесіндегі мына бір үйдегі жағдай да жаға ұстатады. Арнайы етіктің жоқтығынан баспана ішіне кіре алмай тұрмын. Бірақ, сыртынан да жағдайдың мәз еместігін аңғаруға болады. Айналасын су басқан үйдің іргетасы да көрінбейді.

Үйге кірген су еденнен асқан. Салдарынан жиһаздар бүлінген. Тұрғындар етікпен жүруге мәжбүр. Үй иесі Оксана Сердобинцеваның айтуынша, осы маңдағы суағарлар мектеп құрылысына байланысты алынып тасталған әрі бұл үйлер сүріледі делініпті. Бірақ, қазір жоспар өзгерген сыңайлы.

ОКСАНА СЕРДОБИНЦЕВА, қала тұрғыны:

– Өткен жылы қалалық әкімдікке жүгіндік. Онда бізге үй сүрілмейтіндігін айтты. Мектеп салынғалы осындай жағдай орын алып отыр. Арнайы сору насостары айлап осында тұрады. Басқа жаққа көшіп кетуге мүмкіндігіміз жоқ.

Жалпы, коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары күні-түні еңбек етіп жатыр. Арықтар, суағарлардың барлығы тазартылуда. Қатқан мұз да ерітілуде. Су сору жұмыстары жағдай тұрақталғанша дейін жүргізіледі. Іске 48 техника мен 90-нан астам адам жұмылдырылған. 2 күн ішінде “IKomek” орталығына тұрғындардан 293 өтініш келіп түскен.

 

Алдияр Айтпаев