Спорт

Шайбалы хоккейден облыс әкімінің кубогі үшін өткен турнир аяқталды

Демалыс күндері шайбалы хоккейден облыс әкімінің кубогі үшін турнир өтті. Финалдық турға 4 команда қатысты. Мұз айдынында – М.Жұмабаев ауданы мен Петропавл қаласының ойыншылары. Олар 1-ші мен 2-ші орындар үшін бәсекелесіп жатыр. Алғашқы минуттан-ақ ойын қыза түсті. Әрқайсысы бірінші болып есеп ашуға тырысқанымен ерекшелене алмады. Бірінші период 0:0 есебімен аяқталды.

2-ші период басталысымен ойыншылар жылдам қимылдап, бір-біріне шабуыл жасап жатыр. 12-ші минутта көптен күткен гол соғылды. Есепті М.Жұмабаев ауданының құрамасы ашты.

Бұл сәтті ойыншылармен бірге жанкүйерлері де асыға күтті.

– Кім жеңіске жететінін алдын ала болжау мүмкін емес. Командалар жақсы дайындалған.
– Петропавл қаласының командасына сәттілік тілеймін. Қарсылас команданың ойыншылары да мықты екен.

Петропавлдықтар шабуылдарын үдете түсті. Олар есепті теңестіруге тырысып жатыр. Қарсыластары лезде тойтарыс беруде. 2-периодтың соңғы минутында есеп 1 де 1 болды.

Ойынның 3-ші жартысында командалар бір-біріне бірнеше рет соққы жасап, 3 те 3 есебімен тарқасты. Дегенмен, турдың жеңімпазын анықтау керек. Төрешілер буллит сериясын жариялады. Нәтижесінде петропавлдықтар жеңіске жетіп, турнирдің жеңімпазы атанды.

АЛЕКСАНДР НИКИТЕНКО, Петропавл қаласы құрамасының капитаны:

– Біз үшін бұл жеңістің маңызы ерекше. Ойын қызу өтті. Қарсылас команданың жігіттері осал болған жоқ. Өзіміз облыс әкімінің кубогі үшін өтетін жарысқа жылда қатысамыз.

Турнир қорытындысы бойынша 2-ші орынды Мағжан Жұмабаев ауданының құрамасы, 3-ші орынды Қызылжар ауданының спортшылары иеленді. Айта кетейік, турнир 2022 жылдың желтоқсанында басталған болатын. Оған барлығы 9 команда қатысты.

 

Самал Жунусова