Білім

Петропавлдық қос мұғалім республикалық конференцияға қатысып қайтты

Облыстық дарынды балалар үшін мамандандырылған мектеп-лицейінің қос мұғалімі жуырда Астанада өткен конференцияға қатысты. Мұнда ұстаздарға арналған неше түрлі бағдарлама ұйымдастырылды. Жиында ақпаратты өзге елдің кітапханасынан цифрлық түрде қалай алу керектігі жайлы баян етілді. Сондай-ақ, Қазақстанның қорлары жайлы айтылды.

ОЛЬГА ВАСИЛЬЕВА, дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің мұғалімі:

– Бұл жиынды Орыс үйі ұйымдастырды. Жүріп-тұруымыздың барлығын өздері төледі. Жыл сайын бізді осындай шараларға шақырып тұрады. Сондай-ақ, мектебімізге түрлі жанрдағы кітаптар мен орыс ақын-жазушыларының портреттерін сыйға тартты.

Ендігі кезекте мұғалімдер сәуір айында өтетін халықаралық диктант жазу шарасына қатысуды жоспарлап отыр. Диктант жазу сауаттылықты насихаттау мақсатында 2004 жылдан бері Ресейде және әлемнің түрлі елдерінде ұйымдастырылады. Бұл – ана тілін білу деңгейін тексергісі келетін жандарға арналған шара.

ЮЛИЯ ПЛЕСКАЦЕВИЧ, облыстық дарынды балалар үшін мамандандырылған мектеп-лицейінің мұғалімі:

– Біз бұл жобаға бірінші рет қатысайын деп жатырмыз. Диктант жазу шарасына 9-шы сынып оқушыларынан бастап қатыса алады. Кейін жақсы жазғандарға сертификат табыс етіледі.

Мұғалімдердің шығармашылық идеялары жетерлік. Алдағы уақытта педагогтар тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 

Гульден Симбаева