Спорт

Петропавлда қоғам дертіне қарсы баскетболдан турнир өтті

“Есірткісіз болашақ үшін!” Осындай ұранмен Петропавлда баскетбол турнирі өтті. Қоғам дертіне қарсы іс-шараға шенділерден, жастардан, спорт ардагерлері мен оқытушылардан тұратын 6 команда қатысты. Олар «Жеңіс» олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 4 күн бойы мықтыны анықтады. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орын “Northkaz Basketball Bears” ұжымына бұйырды.

ІЛИЯС ЖҮКЕНОВ, «Basketball Bears» командасының ойыншысы:

– Спортпен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Есірткі біздің денсаулыққа өте зиян. Барлығын одан аулақ болуға шақырамын. Денсаулықты сақтау үшін қозғалып тұру қажет. Спортпен айналысыңыздар.

Екінші сатыға гуманитарлық-техникалық колледждің құрамасы жайғасса, үшінші орынды спорт ардагерлерінің командасы еншіледі. “Турнир аруы” номинациясында 5 жасар Айару Қуанышбай топ жарды. Ол сайысқа әкесімен бірге жанкүйер ретінде келіпті. Ал “Турнирдің үздік мергені” Ақан Рамазанов деп танылды.

ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

– Турнирге келген жастар саны көп. Оларды салауатты өмір салтын ұстауға, спортпен шұғылдануға, өмірдің басқа да жарқын жақтарын көрсетуге шақыру өте маңызды. Қалада көптеген тегін спорттық және шығармашылық секциялар бар. Ата-аналар, сіздерді баланың осындай пайдалы және дұрыс іспен айналысуына шақырамыз!

Сөз соңында аз-кем статистика. Жыл басынан бері өңірде 62 есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Оның 21-і – есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 15-і -өткізу. Заңсыз айналымнан 23 келіге тарта зиянды зат алынған. Тәркіленген дүниенің 535 грамнан астамы – синтетикалық есірткі.

 

Байболат Култанов