СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Петропавл көшелерін жөндеуге 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек

Облыс әкімі Петропавл көшелерінің жағдайын көрді. Ең алдымен Айдарбек Сапаров Жұмысшы кентіне барды. Бұл жерде қазіргі уақытта 4 мыңға жуық адам тұрады. Барлығы дерлік күнделікті қалаға қатынайды. Ересектер жұмысқа, оқушылар мектепке барады. Алайда, мұндағы жолдардың жағдайы мәз емес. Мәселен, Панфилов, Украинская, Побелянского көшелерін шұғыл түрде күрделі жөндеу қажет. Соңғы рет мұнда орташа жөндеу жұмыстары 4-5 жыл бұрын жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта тас жолдар тесіліп, шұңқырлар пайда болған. Тозығы әбден жеткен жолдардың шетінде дұрыс суағарлар да жоқ.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Қала әкіміне жұмысшы кентіндегі екі негізгі магистральді көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және қалғандарында орташа жөндеу жұмыстарын іске асыруға тапсырма беремін. Сонымен қатар, суағарларды да орнату қажет.

Бұдан бөлек, Айдарбек Сапаров орталықтағы Интернационал, Абай, Жамбыл, Назарбаев, Пушкин көшелерін және 19-шы шағын аудандағы Болатбаев, Жуков, Қизатов, Жас өркен шағын ауданының Потанин, Жамбыл, Труд, Порфирьев көшелерінің жағдайын көрді. Жалпы, биылғы жылы 18 көшені ретке келтіру жоспарланған. Мұнымен қоса, қалаға кірер Жамбыл көшесіне түсетін жүктемені азайту үшін бірқатар көше кеңейтілмек.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Сәтжан Айтенұлы, қала әкімі Руслан Аңбаевқа, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына барлық 18 көше бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Негізгі 6 магистральді көшеге жөндеу жұмыстарын іске асыру керек. Асфальт жабынын ауыстырып қалған көшелерде орташа жөндеу жұмыстарын іске асыру қажет.

Жалпы, биылғы жылы Петропавлдың 18 көшесін ретке келтіруге 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек.

 

Байболат Култанов