Мәдениет

Облыстық орыс драма театрында “Кедейлер мен ақсүйектер” қойылымы сахналанды

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жаңа қойылым сахналанды. Премьера Халықаралық театр күніне арналды. Комедия жанрында ұсынылған спектакль “Кедейлер мен ақсүйектер” деп аталады. Авторы – италиялық Эдуардо Скарпетти. Оқиға желісі мынадай: жас ақсүйек маркиз Эудженио Фаветти балеринаға үйленгісі келеді. Бірақ, жігіттің жақындары сол қызға үйленуіне қарсы болады. Себебі, екі отбасы бір-бірін жақтырмайды.

Кейіпкерлер азық-түлік туралы бекерден-бекер талқылап жатқан жоқ. Қос жанұяның табысының тамаққа жетпейтіні соншалық, оларға мол дастархан елестей бастайды.

Шарасыздарға бай маркиз Эдуардо Скарпетти көмекке келеді. Сүйіктісімен бірге болу үшін кедейлерді өзінің туысы ретінде жалдайды. Ауқатты маркиздің сүйіктісінің рөлін Дарья Отраднова сомдап шықты.

ДАРЬЯ ОТРАДНОВА, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

– Бұл – бұған дейін сомдаған қызықты рөлдердің бірі. Тіпті, Мәскеуде жұмыс істейтін балеринамен сөйлесіп, дайындық процесі туралы білдім. Рөлді сомдауым көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймын.

– Өзіме қойылым ерекше ұнады. Актерлер кейіпкерлерді жақсы сомдап шықты.
– Ерекше әсер алдым. Актерлердің киген костюмдері қандай, рөлдерді сомдауы да жоғары деңгейде.
Спектакль барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов өңір басшысының атынан Людмила Лошакованы 70 жылдығымен құттықтады. Мәдениет саласының ардагері театрда музей меңгерушісі болып жұмыс істейді.

ЛЮДМИЛА ЛОШАКОВА, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының музей меңгерушісі:

– Мәдениет саласында жұмыс істеп келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Мен үшін жұмысым әрқашанда бірінші орында. Осы салада аямай еңбек еттім. Бүгін театр төрінде құттықтап жатқандарыңызға ризашылығымды білдіремін.

Театр ұжымы енді таяу арада “Қасқыр мен қой” комедиясын сахналамақшы.

 

Гульден Симбаева