Білім

Білімді жастар пән олимпиадасынан оралды

Өңір намысын абыроймен қорғаған жерлестерімізді пойыздан күтіп алу – дәстүрге айналған шара. Бүгін де темір жол вокзалына жиналған жұртшылықтың санында есеп жоқ. Бұл жолы солтүстікқазақстандықтар пән олимпиадасында жүлдеге іліккен жастарды асыға күтіп тұр.

Олимпиада наурыздың 20-25-сі аралығында Шымкент қаласында өтті. Биыл Нұрай Бакеева сайыста өз бағын екінші рет сынаған. Таңдаған пәні – география. Білім бәйгесінде бұрымдыға бұйырғаны қола медаль екен.

НҰРАЙ БАКЕЕВА, “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:

– Республикалық олимпиада болғаннан кейін тапсырмалары күрделі болды. Көп ойлануды талап етті. Келесі жылы да осы олимпиадаға қатысамын деген үміттемін. Ол кезде күміс не болмаса алтын алу керек.

Өңір намысын қорғау үшін шырайлы Шымкент қаласына облыстан 31 оқушы барды. Олардың 7-еуі өңірге олжалы оралды. Облыс қоржынына 3 күміс және 4 қола түсті.

РОЗА СӘРКЕН, әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

– Биылғы оқушылардың білім деңгейі жоғары. Өткен жылы қоржынға 1 ғана күміс түсті. Ал биыл 2-ші орын үшеу. Биыл бірінші рет химия пәнінен жүлдеге іліктік. География пәнінен 2-ші орын алған тайыншалық №1 мектептің оқушысына Павлодардағы Жоғары оқу орнының гранты берілді.

Жүлделі орындардан бөлек білімінің жоғарылығымен көзге түскен 3 теріскейлік жасқа грамоталар берілді.

 

Алдияр Айтпаев