Мәдениет

Балалардың сомдауымен «Бір түп алма ағашы» драмасы қойылды

Отбасылық қиындықтар – қоғамда белең алып тұрған мәселелердің бірі. Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» туындысының негізгі сюжеті осы тақырыпқа құрылған. Оқушылар сарайында сахналанған драмалық шығарманың қоюшы режиссері – Дәурен Тойбазаров.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, “Толағай” балалар театрының жетекшісі;

– Бұл спектакль – халық арасында үлкен сұранысқа ие болған спектакльдердің бірі. Менің қойған себебім – жас буындардың өсуіне, тәрбиесіне және актерлік шеберлігінің дамуына үлкен көмегін тигізеді. Қойылымның берер тәлім-тәрбиесі өте мол. Осы спектакльді көрген адам әке-шешесін еске алады деген ойдамыз.

Қойылымға театр ұжымы бір жарым ай көлемінде дайындалған екен. Ең қызығы, қарт әженің рөлін ойнаған жеткіншектің жасы небәрі 13-те. Мектеп жасындағы балалардың осындай қиын рөлдерді мінсіз сомдап шығуы мақтауға тұрарлық дейді Дәурен Тойбазаров. Оның арасында ана рөлін асқан шеберлікпен ойнап шыққан жас актриса Кәмилә да бар.

КӘМИЛӘ БАЗАРОВА:

– Бұл қойылымның негізгі мақсаты – қазіргі жастар мен қазіргі қоғамға өнеге беру, үлгі беру. Яғни, жақындарыңды бағалауға үйретеді. Мен қойылымда негізгі рөлді сомдаймын.

САНЖАР ЕРДЕНОВ:

– Мен Мақсат деген кейіпкерді сомдаймын. Ол спектакльдің негізгі кейіпкері болып саналады. Бұл рөлді алып шығу мен үшін өте қиын болды.

Өмір құбылыстары мен қиындықтарға толы драмада бір жанұяның басынан өткен тағдыры суреттелді. Бастысы, жүректен жүрекке жетті. Жас көрермендер өз әсерлерімен бөлісті.

– Бұл театр маған ұнады. Алдағы уақытта жиі келуге тырысамын. Өте қызықты болды.
– Маған Толағай театрының қойылымы қатты ұнады және өте қызықты болды. Мен сіңліммен бірге келген болатынмын.

“Толағай” балалар театрының жұмыс істеп келе жатқанына биыл 5 жылға таяпты. Қазіргі таңда театр репертуарында 7 шығарма бар. Оның 4-еуі ересектерге, 3-еуі балаларға арналған.

 

Аснурия Абдула