Қоғам

Облыс орталығында Наурыз мейрамын тойлау жалғасуда)

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Облыс орталығында Ұлыстың ұлы күні екінші күн қатарынан тойланып жатыр. Қаламыздың орталық алаңына жиналған халықтың санында шек жоқ. Бәрі мәз-мейрам. Мұнда тұрғындар үшін қызыққа толы бағдарлама ұйымдастырылған.

Тамашалайтын дүние шынымен де жетерлік. Сахнада ән мен би. Театрландырылған қойылым да бар.

Қойылым соңында қазақ халқының қамқоршысы, жақсылық жасаушы Қыдыр ата келді. Ол тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, батасын берді.

Бірқатар бой көтерген киіз үйлердің жанында да халық аз емес. Біреулері тәттіден ауыз тиіп жатса, екіншілері көрмені тамашалап жатыр. Ұнағандарын сатып алып жатқандар да бар. Мына бұрыш ерекше көз тартады. Мұнда ағаштан жасалған дүниелер таныстырылған.

ҚАМАР ЖҰМАТОВА, жеке кәсіпкерлік қызметкері:

– Осындай үйге, көлікке және сыйлыққа арналған бұйымдарды алып келдік. Қазақ халқы жеті атасын дәріптеген, сондықтан, осындай шежіре жасауды ұйғардық. Бізде 200 түрі бар. Соңғы екі жылда шежіреге тапсырыстар көп түсіп жатыр.

Ал мына киіз үйдің іші балаларға толы. Мұнда оларға арнап түрлі ойындар ұйымдастырылған. Асық ату, тоғызқұмалақ пен квест те бар. Ал мына бұрышта ұл-қыздарға Наурыз мерекесі жайлы айтылып жатыр.

Наурызды спорттық ойындарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, мына бұрышта жігіттер жілік сындырудан сынға түсті. Дода соңы қыза түсті. Сәбит Таққожин сүйекті сындырып, жеңімпаз атанды. Азамат Жамбыл ауданынан келіп отыр.

СӘБИТ ТАҚҚОЖИН, Амангелді ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Былтыр сындырғанмын, биыл да жеңіске жеттім. Жілік сындыру үшін күш керек. Наурыз құт-береке әкелсін. Халқымыз тиыш, аман болсын.

Татулықтың, достықтың символына айналған мерекеде тұрғындар бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде.

– Наурыз құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бәрі тамаша, әдемі, әрқашан осылай бола берсін.
– Мейрам құтты болсын. Елімізде тиыштық болсын, бәріміз аман болайық.
– Бәрін Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ауырмаңыздар, ашық аспан, мол бақыт тілеймін.

 

Самал Жунусова