Қоғам

Зауыт қабырғасында Наурыз мейрамы тойланды

“Петропавл электротехникалық зауытының” ұжымы әз Наурыз мерекесін атап өтті. Бүгін кәсіпорын өкілдері күннің екінші жартысын мейрамды тойлауға арнады. Станоктар тоқтатылып, еңбеккерлер Ұлыстың ұлы күніне орай басшылық ұйымдастырған той-думанға, қызыққа куә болды.

Ортада кәсіпорынның білекті жігіттері күш сынасуда. Көпшілік кезек-кезек бір-бірімен қол күрестіріп жатыр. Барлығы – 32 қатысушы. Жастармен иық тірестіріп сайысқа Қанат Мұқанов та қатысуда. 42 жастағы азамат жартылай финалға дейін 20 жастағы жалынды жігіттерді әбден әбігерге салды. Кейіннен өзі де сүрініп, 3-ші орынды қанағат тұтты.

ҚАНАТ МҰҚАНОВ, Петропавл электротехникалық зауытының операторы:

– Бұл жерде 2021-ші жылдан бері жұмыс істеймін. Бүгінгі іс-шара ұнап жатыр. Барлық қазақстандықтарды әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бақыт, береке тілеймін.

Сайыстағы ең тартысты кездесу ақтық сында орын алды. Финалда зауыттағы қауіпсіздік қызметі бөлімінің басшысы Үсен Ботабеков пен Қуаныш есімді тәжірибеден өтуші кездесті. Қос азаматтың салмақ дәрежесінде 20 келідей айырмашылық бар. Бұл басымдықтың арқасында тартыста Үсен Ботабеков жеңіске жетті.

ҮСЕН БОТАБЕКОВ, Петропавл электротехникалық зауыты қауіпсіздік қызметі бөлімінің басшысы:

– Сайыс жақсы өтті. Өте әділ өтті. Зауытта теннис үстелі мен қол күрестіретін жер бар. Арасында барып мықтыны анықтаймыз. Әр мерекені осылай тату тәтті атап өтеміз. 8-ші Наурызда, жыл сайын әз Наурыз мерекесінде басымыз қосылады.

Кейіннен кезек арқан тартысқа да келіп жетті. Сайысқа зауыттағы нәзікжандылар да араласты. Барлығы – 6 команда. Білек күші таразыға түскен додада бас технологтың бөлімі жеңіске жетті.

ЕРСҰЛТАН ШАМШИЕВ, Петропавл электротехникалық зауытының басқарма төрағасы:

– Бір апта бұрын біз барлық жұмысшыларға Наурызды атап өтетіндігімізді айттық. Бастамамызды олар қолдады. Жүлделі орын алған жандар ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Кеше зауыттағы жұмысшылар арасында футзалдан да жарыс өтті.

Кейін көпшілік көтеріңкі көңіл күймен мерекелік дастархан басына жайғасты. Мұнда зауытта тер төгіп жүрген өнерлі азаматтар өз өнерлерін паш етті.

Айта кетейік, бүгінгі күні тегеурінді зауытта 160 адам жұмыс істейді.

 

Алдияр Айтпаев