Қоғам

Темір тордың ар жағындағы әйелдер Наурыз мейрамын тойлады

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесінде Наурыз мейрамы тойланды. Мерекелік іс-шараға жазасын өтеп жатқан әйелдер 3 аптаның көлемінде дайындалыпты. Сахналық киімдерін өздері тіккен.

Ән шырқалды, би биленді. “Сыңсу”, “Беташар”, “Бесікке бөлеу” сынды қазақтың дәстүрлері ұсынылды. Өзге ұлттар Наурыз мейрамын қалай тойлайтыны жайлы да айтылды. Сахналық көрініс дайындаған Олеся Кондратьева көктемнің шуақты мерекесінде әзірленетін өзбектердің ұлттық тағамы – сумалак туралы баяндауда. Қостанайлық нәзікжанды есірткі үшін темір торға 2020 жылы тоғытылыпты. Бақандай 17 жылын осында өткізеді. Өз белсенді. Іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Жалпы, мұндай әйелдердің дені құр қол отырғанды жөн көрмейді екен.

АЙЗАДА ТӨЛЕГЕНОВА, жазасын өтеуші:

– Олардың барлығы қазір киім тігеді. Бұрын бәрі түрлі салада жұмыс істеген. Біреуі – мемлекеттік қызметші, екіншісі – жеке кәсіпкер.

Топтарға бөлінген сотталғандардың өнерін қазылар бақылап отыр. Олар шара соңында әр қатысушыға баға бермек.

ҚАЙРАТ АЙСАҚОВ, СҚО бойынша ҚАЖД №50 мекемесі бастығының орынбасары:

– Осындай іс-шараларға қатысқан сотталғандарды марапаттаймыз. Бұл жеке іске де тіркеледі. Сотқа жүгінсе, сот шешіміне сәйкес босатылады. Біздің мекемеде 200-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Ең ұзағы 17 жылға сотталған.

Мерекелік іс-шара далада жалғасын тапты. Мұнда мейрамға орай киіз үй тігіліпті. Даладай дастархан да жайылған. Наурыз көже де құйылды. Шара соңында әйелдер өз күштерін спорттық сайыстарда сынап көрді.

 

Байболат Култанов