Қоғам

СҚО-да алаяқтық үшін сотталған кәсіпкердің жазасы жеңілдетілді

Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтық үшін сотталған кәсіпкердің жазасы жеңілдетілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Айыртау ауданындағы 5 ауылдың 800-ге жуық тұрғынына тиесілі 42 мың гектар жерді Аграрлық несие корпорациясына заңсыз кепілге қойып, 600 млн теңге несие алған Бейбіт Молдашев өткен жылдың соңында сотталғаны күллі елге мәлім. Оған 6 жыл 8 ай көлемінде жаза тағайындалды. Алайда, бүгін Петропавлда аппеляциялық сот отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша темір торға тоғытылған “іскер жанның” жазасы 1 жылға бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Не себепті мұндай өзгеріс орын алғанын облыстық соттың судьясы Ербар Қалиев түсіндірді.

ЕРБАР ҚАЛИЕВ, СҚО сотының судьясы:

– Аппеляциялық сот Молдашевқа қатысты қозғалған қылмыстық кодекстің бабын өзгертті. “Неге?” деген сұрақ туындайды. Серіктестік басшысы 2017-ші жылы алған 600 млн теңгені қайтарудан қашпаған. Яғни, бұл жерде алаяқтық жоқ. Бүгінгі күні кәсіпкер қарызды толығымен өтеді. Берешектің бір бөлігі “Жарқын-СҚ” серіктестігіндегі мүлікті тәркілеу арқылы жабылды. Осыны ескеріп біз 1 жылға жақын темір торда болған Молдашевтің жазасын жеңілдеттік.

Көп кешікпей орын алған жайтқа қатысты облыстық прокуратура өкілдері жазбаша мәлімдеме жасады. Аталған тарап бұл үкіммен келіспейді. Қадағалаушы орган алғашқы сот шешімін күшінде қалдыру үшін жақын арада кассациялық өтініш білдірмек.

 

Байболат Култанов