Қоғам

“Күміс жас” жобасы аясында жұмысқа орналасу

Зейнет жасына таяп қалған жандар мен зейнеткерлерге жұмыс табу оңай емес. Сұранысқа ие мамандықтарды игеріп жатқан жастармен бәсекелесу қиын. Сондықтан, елімізде аға буын өкілдеріне арналып «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Мақсат – зейнет жасына жақындап қалған жандарды қолдау және еңбекпен қамту. Бұл жоба өткен жылы бастау алған. Биыл оған өгерістер енгізіліпті.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Ағымдағы жылы жобаға өзгерістер енгізілд. Мәселен, 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар қатыса алады. Енді олар жастармен қатар жұмысқа орналасады. Қатысу мерзімі 12 айдан 3 жылға дейін ұзартылды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмысберуші жұмыссыз адамды кем дегенде 1 жылға, ал зейнеткерлік жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

Бұған дейін «Күміс жас» жобасына 60 жастан асқан жандар қатысатын. Биыл жас шегі 50 жасқа дейін төмендетілді. Осылайша, қатысушылар аясы кеңейтілді. Наталья Толстенко – осы жоба аясында жұмыс тапқандардың бірі. Ол жуырда жеке сот орындаушысының жанынан кеңсе маманы ретінде жұмықса қабылданды. Нәзікжанды 55 жаста, мамандығы бойынша математика мұғалімі екен. Соңғы 15 жыл нотариуста еңбек еткен. Бірақ, пандемия кесірінен жұмыссыз калған.

НАТАЛЬЯ ТОЛСТЕНКО, қала тұрғыны:

– Шынымен де, менің жасымда жұмыс табу қиын. Жұмыспен қамту орталығына келгенде мамандар маған “Күміс жас” бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуды ұсынды. Менің мамандығыма ұқсас кәсіп тауып берді. Бірден келістім.

Бұл жоба екі тарапқа да тиімді. Жұмыссыздар еңбекпен қамтылса, жұмыс берушіге төлеген жалақы көлемінің 60-70 пайызы мемлекеттік бюджеттен субсидияланады.
Тек жалақы 30 АЕК – 103500 теңгеден аспауы тиіс.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына, оның ішінде «Күміс жас» жобасына қатысқысы келетін жұмыссыздар тұрғылықты жері бойынша консультация алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады немесе Электрондық еңбек биржасы порталында таныса алады. Сондай ақ, жұмыс берушілерді қатысуға және мемлекеттің қолдауымен уақытша жұмыс орындарын құруға шақырамыз. Ол үшін Электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинет арқысы өтініш беру қажет.

Жалпы, жоба іске асырыла бастағалы өңірде 200-ден астам адам еңбекпен қамтылды.

 

Самал Жунусова