Қоғам

“Қайырымдылық керуені” байқауында 50-ден астам жан марапатталды

Жүрегі мейірімге толы жандар. Облыс орталығында «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ғалымжан Тіріжанов «Бала жүрегі» номинациясында үздік атанды. 10 жасар бала достарымен бірге үй ауласында марғауларға арнап үйшік жасаған. Осылайша, кішкентай мысықтарды тамақтандырып жүр. Оларды асырап алам деушілер баршылық екен. Анасы Вильдана Багадат баласының жетістігімен мақтанады. Айта кетейік, Ғалымжан – байқауға «Бала жүрегі» номинациясы бойынша қатысқан жалғыз бала.

ҒАЛЫМЖАН ТІРІЖАНОВ, “Қайырымдылық керуені” байқауының жүлдегері:

– Мысықтарды жаздан бері асырап келемін. 7 мысығымыз болған. Оның екеуін көрші әжеге бердік. Мысықтарды өте қатты жақсы көремін. Болашақта жануарлар үйін ашпақ ойым бар.

«Батыл жүрек» номинациясы бойынша тайыншалық Жанат Есенгелдинов екінші рет марапатталып отыр. Ол Астанада өткен “Қайырымдылық керуені” байқауында Құрмет грамотасына ие болды. 52 жастағы ер адам 30 жылдан астам қан доноры ретінде адамдарға қол ұшын созуда.

ЖАНАТ ЕСЕНГЕЛДИНОВ, “Қайырымдылық керуені” байқауының жүлдегері:

– Алғаш рет 1988 жылы донор болдым. 2004 жылдан бастап “СҚО инфодоноры” бағдарламасында тұрақты донор болып табыламын. Сондай-ақ, СҚО-ның құрметті донорымын. Барлық адамдарды донор болуға, қиын жағдайдағы өзге адамдардың өмірін құтқаруға шақырамын.

Жалпы айта кетсек, қайырымдылық керуені 5-ші рет ұйымдастырылып отыр. Ол 7 номинциядан тұрады. Олар: Асар, Туған жер, Батыл жүрек, Мейірім жолында, Қайырымдылық тарихы, Бала жүрегі және Жануарға мейірім.

АСЕЛЬ БЕКЕНОВА, СҚО бойынша іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:

– Жыл сайын байқауда қоғамдық іс-шаралармен айналысатын әрі әлеуметтік экологиялық, ағартушылық, мәдени және басқада көптеген мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген жандар марапатталады. Өткен жылға қарағанда осы жылы қатысушылардың саны артты.

Жиында 50-ден астам теріскейлік марапатталды. Кеш соңы концерттік шараға ұласты.

 

Гульден Симбаева