Мәдениет

Ассамблея жастары арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті

162 құмалақтан тұратын тоғызқұмалақ ойыны қазір кейінгі буын арасында кеңінен таралуда. Мұны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары тағы бір дәлелдеді. Олар Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық спорт түрінен өзара сайыс өткізді. Дода ойы ұшқыр 6 адамның басын біріктірді.

Жарыс басталмай тұрып қатысушылар тоғызқұмалақты қашан және қалай үйренгендерін айтты. Әдемі Амангелді 13 жаста. Ол ұлттық ойынды 5-ші сыныпта меңгеріпті.

ӘДЕМІ АМАНГЕЛДІ, облыстық ҚХА жастар қанатының мүшесі:

– Тоғызқұмалақты маған ұстазым үйретті. Түрлі жүлделі орындар иелендім. Жалпы, осы тоғызқұмалақта тоғыз-тоғыздан шарларды салып, ойыншыға қарсы ойнау керек. Көп шарларды жинаған адам жеңімпаз атанады.

Бүгінгі сайыста Әдемі сынды жас шеберлермен бірге тоғызқұмалақты енді үйреніп жүрген жастар болды. Оларға ойын барысында қарсыластары ережелерді түсіндіріп отырды.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Тоғызқұмалақ жастар арасында кеңінен таралуда. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі ойындардың бірі болып саналады. Осындай ойындарды жастар арасында өткізіп отыру керек. Біздің іс-шара жастарға тоғызқұмалақты үйретуге бағытталған. Өзім тоғызқұмалақты бала кезімнен ойнаймын, ережелерін білемін.

Жарыс соңында қатысушыларға алғыс хат табыс етілді. Жергілікті ассамблея өкілдері алдағы уақытта тағы ойы ұшқыр жастарды біріктіріп, тоғызқұмалақтан жарыс өткізбек.

 

Гульден Симбаева