Сайлау

СҚО-ның Құрметті азаматы Қайырлы Едіресов сайлауға қатысты пікір білдірді

Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаттарының 2 бірдей шақырылымына төрағалық еткен Қайырлы Едіресов сағат тілі 10-нан аса дауыс беріпті. Ол Мәжілістен де, мәслихаттардан да сенімді ақтайтын халық қалаулылары орын алғанын қалайды. Ел ағасы болашақта көптің көңілінен шығу үшін саяси аламанда оза шапқан жандар бірінші кезекте тұрғындармен көп жүздесуі қажет деп санайды. Кездесулерде бұқараның базынасын тыңдаған, шешуге үлес қосқан азаматтар қашан да жоғары баға алады.

ҚАЙЫРЛЫ ЕДІРЕСОВ, СҚО Құрметті азаматы:

– Тағы Үкіметтің ақшасын қадағалау керек. Біз іске зор жауапкершілікпен қарайтын адамдар келеді деп ойлаймыз.

Сұхбат барысында Қайырлы Едіресов өткен мен бүгінгі турасында әңгіме қозғады. Зейнеткер солтүстіктен сайланатын жандар бұған дейінгі депутаттардың сара жолын жалғайды деген сенімде.

ҚАЙЫРЛЫ ЕДІРЕСОВ, СҚО Құрметті азаматы:

– Бізде жақсы мәжілісмендер, сенаторлар болды. Сондай азаматтар тағы болады деп есептейміз.

Ел ағасы жергілікті жердегі кандидаттарға да зор сенім артады. Өңірде атқарар шаруа баршылық. Олардың негізгілері аса өзекті мәселеге айналып отыр. Проблемаларды біржақты етуде сөзі өтімді, қоғамда беделді депутаттар маңызды рөл атқармақ.

ҚАЙЫРЛЫ ЕДІРЕСОВ, СҚО Құрметті азаматы:

– Тіршілік көзін әрбір үйге кіргізу қажет. Келесі мәселе – жол. Осылар шешілсе, біраз дүние өзгереді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Мемлекет басшысы былтырғы күздегі Жолдауында алдағы уақытта Қазақстанда Президент, одан кейін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы өтетіндігін, ал одан кейін еліміздің Үкіметі қайтадан құрылатындығын жария етті. Бүгін елорда төрінде Премьер-министр журналистермен жүздесіп, сұхбат берді. Өз сұхбатында Әлихан Асханұлы министрлер кабинеті отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Демек, жақын арада Қазақстанда тағы бір өзгеріс орын алады.

 

Байболат Култанов