Сайлау

Қызылжар ауданындағы Вагулино ауылының тұрғындары сайлауға белсенді қатысуда

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Сайлау науқаны облыс аудандарында да қызу жүріп жатыр. Біз қазір Қызылжар ауданына қарасты Вагулино ауылындағы №278 сайлау учаскесінде тұрмыз. Сағат 12-лер шамасы. Осы уақытқа дейін жергілікті халықтың 50 пайызы, нақтырақ айтсақ, 212-сі өз таңдауын жасапты.

Бұл – елді мекендегі жалғыз сайлау учаскесі. Комиссия төрағасы Людмила Терехованың айтуынша, тұрғындардың 95 пайызы әр саяси додаға белсенді қатысады. Бүгінгі науқан – соның бір дәлелі. Түскі уақытта таңдау жасауға келген халықтың қатары қалыңдады.

– Әйелім екеуіміз әр сайлауға белсенді қатысуға тырысамыз. Әр адамның дауысы маңызды деп санаймын.
– 18 жасымнан бастап бірде-бір сайлауды қалдырған жоқпын. Саяси науқанға жауапкершілікпен қарау керек деп санаймын. Себебі, бұл – біздің болашағымыз.
– Шешуді қажет ететін мәселелер көп. Олар назардан тыс қалмайды деп үміттенемін.

Елена Лахтина сайлауды асыға күттім дейді. Алдын ала кандиттармен танысыпты. Азаматша елді мекендегі мәселелер көп кешікпей шешіледі деген үмітте.

ЕЛЕНА ЛАХТИНА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Жалпы алсақ, ауылымызда барлығы жақсы. Бірақ, Петропавлға апаратын тағы бір қоғамдық көлік болса деген өтінішіміз бар. Себебі, қазір жалғыз автобус қатынайды. Оның өзі таңертең ерте кетеді. Кейде оған үлгермей қаламыз. Тағы бір мәселе – жалақы. Депутат атаған жандар осы мәселелерді шешсе дейміз.

Вагулино ауылындағы 278-ші сайлау учаскесінде 3 адам тұңғыш рет дауыс бермек. Оларға шағын сыйлық қарастырылған. Владислав Франц – өз таңдауын алғаш жасап жатқандардың бірі.

– Сегодня впервые ты принял участие в голосований. Впервые отдал свой голос. За партию, за кандидата. Тот который постарается сделать нашу жизнь лучше, жизнь нашей страны, нашего района и села. Я думаю что вы, молодое поколение, будете достойны этих людей.

Бұл күн 18 жастағы Владиславтың мәңгі есінде қалмақ. Ол қобалжымағанын айтады.

ВЛАДИСЛАВ ФРАНЦ, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Енді дауыс беруге құқылымын. Соған өте қуаныштымын. Өзім кандидаттармен алдын ала танысып қойғанмын. Сондықтан, мұнда келгенде кімге дауыс беретінімді білдім.

Жалпы, елді мекендегі 278-ші сайлау учаскесі мәдениет үйнде орналасқан. Мұнда халыққа 3 адамнан тұратын комиссия қызмет көрсетуде. Дауыс беру пунктінде барлығы талапқа сай ұйымдастырылған.

ЛЮДМИЛА ТЕРЕХОВА, №278 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

– №278 сайлау учаскесінде 429 адам дауыс беруі тиіс. Тұрғындардың дені 10 мен 11-дің аралығында таңдау жасады. 8 адам денсаулықтарына байланысты учаскеге келе алмайды. Оларға арнайы жылжымалы урналар қарастырылған.

Сайлау барысында әділ өтуін 2 бақылаушы қадағалап отыр.

ЭЛЛИНА КОЛЕСНИКОВА, №278 сайлау учаскесінің бақылаушысы:

– Бірде-бір бұзушылық болған жоқ. Бәрі тәртіп бойынша өтіп жатыр. Өзім 2-ші рет бақылаушы болып отырмын.

Түстен кейін жылжымалы урна ұстаған жандар уческеге келіп, дауыс бере алмайтын 8 жанға барды. Олардың бірі – Рәзия Табұлдинова. 96 жастағы зейнеткер әр сайлауға қатысады екен. Кейуана 7 бала тәрбиелепті. Қазір олардан 12 немере мен 15 шөбере сүйіп отыр.

 

Самал Жунусова