Сайлау

Коммуналдық қызметкер сайлауға трактормен келді

Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебіндегі 547-ші сайлау учаскесінің есігі сайлаушыларға таңғы 7-ден ашық. Мұнда барлығы – 1850 адам тіркелген. Солтүстікқазақстандықтар дауыс беруге бойындағы жауапкершілікті сезініп баруда. Азаматтық борышын өтеу үшін тіпті тікелей жұмыс орнынан баруда. Болатбек Кәрімов уақыты тығыз болса да тура жұмысынан тракторға отырған күйі келген.

БОЛАТБЕК КӘРІМОВ, коммуналдық кәсіпорын қызметкері:

– Бәріміз осылай келсек. Жастарға үйрету керек. Бәрі келіп осында дауыс берсе, жақсы болады ертең бәрімізге. Қазір қайта жұмысқа барамын. Қайта айтады, сонда барамыз. Қар тазалаймыз қаланың ішінде.

№14 орта мектебіндегі 547-ші сайлау учаскесінде сағат 12:00-ге дейін тіркелген тұрғындардың жартысына жуығы келіп, дауыс берген.

МИХАИЛ ЯРЫШЕВ, №574 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

– Халық таңғы 7-ден бастап дауыс беріп жатыр. Біреу жалғыз, біреу отбасымен келуде. Біздің учаскеде 4 адам өмірінде бірінші рет дауыс берейін деп жатыр. Оның біреуі таңертең сағат 7 жарымда келіп кетті. Біз оған әзірлеп қойған сыйлығымызды табыс еттік. Енді қалған 3-еуі сағат кешкі 8-ге дейін дауыс беруге келеді деген сенімдемін. Оларға да тарту-таралғымыз бар.

Комиссия мүшелері учаскеге тіркелген 1900-ге жуық адам түгелдей келетініне сенімді. Өйткені, дауыс берушілер таңғы 7-ден келе бастаған. Белсенділіктері жақсы. Арасында жастар да аз емес, әсіресе, студенттер көп сыңайлы. Жалпы, азаматтар осы келулерімен өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп жатыр. Ел болашағына немқұрайлы қарамайтындықтары қуантады.

– Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Бюллетеньді оқып, ойлануға уақыт бар. Негізі, дауыс берген азаматтар алдағы уақытта азық-түліктің бағасын реттеуге септеседі деген үміттеміз.
– Әр сайлауға белсенді түрде қатысамын. Өзгелері де өз учаскелерінде дауыс беріп жатыр. Жарқын болашаққа сеніміміз мол. Бастысы, бейбітшілік пен береке болсын.

Естеріңізге сала кетейік, сайлау учаскелелері кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

Гульден Симбаева