Сайлау

Борки кентінде 646 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

Маңызды науқан бел ортасынан асты. Қазір біз Борки кентінде орналасқан 646 сайлау учаскесіндеміз. Түскі сағат екідегі жағдай бойынша мұнда тіркелген дауыс берушілердің 35% өз таңдауын жасап үлгеріпті. Кешкі сағат 8-ге дейін әлі 1500-ға тарта жерлесіміз өз дауыстарын берулері тиіс.

Учаске кәсіптік-педагогикалық колледж қабырғасында орналасқан. Сайлау комиссиясы 7 адамнан тұрады. Сондай-ақ, науқанның өту барысын бақылаушылар бақылап отыр. Бірде-бір сайлаудан қалыс қалмаған петропавлдық кәсіпкер Роман Шаров та бюллетеньдерге белгі қойып шықты.

РОМАН ШАРОВ, кәсіпкер:

– Сайлауалды жұмыстар қызу жүргізілді. Жаңа партиялар пайда болып, халық арасынан кандидаттар өзін-өзі ұсынды. Жаңа Қазақстанда жаңашылдықтар көп болады деген сенімдемін. Әділдік болып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарғанын қалаймын.

Учаскеге келіп жатқан жандардың қарасы қалың. Жерлестеріміз ел болашағына сеніммен қарайды. Әрбірінің ойында жүріп, іштей қынжылтатын мәселелер бар. Оны депутаттық орындыққа отырған жандар шешеді деген үміт те аз емес.

– Сайлауға әрбір адам келуі керек. Мейлі ол жан мемлекеттік құзырлы орган өкілі немесе кәсіпкер болсын.

– Алдағы уақытта ерекше балаларды дамытып, оқыту және әлеуметтендіру бағытында жұмыстар атқарылады деген сенімдемін.

– Жастарға баса назар аудару қажет. Оларға жұмыс беріп, оларды баспанамен қамту жағын реттеу керек.

646-шы сайлау учаскесінде тіркеуде тұрған жандардың 5-еуі үйден дауыс берді. Олар үшін комиссия мүшелері арнайы урна апарған екен. Айта кетейік, бұл учаскеде 4 адам бірінші рет дауыс берді.

 

Алдияр Айтпаев