СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Егіс жұмыстарына дайындық пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі облыстық әкімдік отырысында қаралды

Алдағы егіс жұмыстарына дайындық пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі облыстық әкімдік отырысында қаралды. Жиын шымылдығын ашқан өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров алдымен 2 басқарманың жаңа басшыларын таныстырды. Енді аймақтың ішкі саясатын 3 жарым жыл көлемінде қала әкімінің орынбасары болған Аскар Хабибулин бақылайды. Ал жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының тізгінін 14-ші жылдан бері орынбасар лауызымындағы Ринат Елжасов қолына алды. Осыдан кейін атқамінерлер күн тәртібіндегі алғашқы мәселені талқылады.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Биылғы көктемде егіс жұмыстары жүргізілетін жердің көлемі 4,5 млн гектарды құрамақ. 3,2 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі. Жекелей тоқтала кеткен жөн. 2,5 млн гектарға – бидай, 400 мың – арпа, 964 мың – майлы дақылдар және 353 мың гектарға азықтық дақылдардың дәні себіледі. Картоп пен көкөністерге 34,1 мың гектар бөлініп отыр. Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің барлығы тұқыммен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда диқандар минералды тыңайтқыш сатып алу бойынша шарт жасасу және ақы төлеу жұмысын жүргізуде. Шаруа сылбыр жүргізіліп жатқан аудандарға іске қарқын қосу керек.

Темірді қызу кезінде соққан жөн. Аймақ басшысы бұл жұмысты ұзаққа созбау қажеттігін баса айтты. Айдарбек Сапаровтың сөзінше, күзде көл-көсір өнім алуды көздейтін диқандар бірінші кезекте егіс науқанына жауапкершілікпен қараулары қажет.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 200 мың тонна жоспар қойылды. Осы жоспар орындалуы керек. 130 мың тонна бойынша шартқа отырдыңыздар. Қалған 70 мың тонна бойынша келісім жасап, жұмысты тез атқару қажет.

Енді синоптиктер ұсынған ақпарпен бөлісейік. “Сәуір болмай, тәуір болмас” дегендей, көктемнің екінші айында ауа температурасы жоғарыламақ. Соның әсерінен алқаптардағы ылғал аз уақыттың ішінде буға айналып кетуі мүмкін. Бұған жол бермес үшін диқандар қазір дайындықты күшейту керек. Ең алдымен “көктемнің бір күні – жылға азық” қағидасын ұстанатын іскер жандар техникаларын сайлап қойғандары жөн.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы өткізу керек. Ол үшін ең алдымен дайындық жұмыстары бойынша барлық шараларды қабылдауымыз керек. Диқандар тұқыммен, агрохимиямен және техникамен қамтылу үшін қаржыландыруды толықтай қамтамасыз ету қажет. Ол үшін барлық жағдай облысымызда жасалған. Ылғалды сақтап қалу жұмыстарын да уақытында жүргізу үшін қажетті техникалардың барлығы дайын болу керек.

Әкімдік отырысында қаралған екінші мәселе – қоршаған ортаны қорғау. Өңіріміз жасыл желекке бай. Бірақ, осы байлығымыз жылдан-жылға сарқылып жатыр. Жиын барысында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов мұның алдын алу жұмыстары басталғанын айтты. Облыста 25-ші жылға дейін 100 млн түп көшет отырғызу жоспары бекітіліпті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ағашты өсіру де, сақтап та қалу керек. Өңдеуге де жіберу керек. Ол үшін ағашты көп өсіру қажет. Осы орайда ойлану керек.

Саладағы өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың аздығы. Мұндай алаңдар өңірімізде жоқ емес, бар. Тіпті, көп деуге болады. Бірақ, басым бөлігі санитарлық және экологиялық талаптарға жауап бермейді. Мысалы, облыстағы 453 полигонның 11-і бойынша ғана тиісті құжаттар рәсімделіпті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына аудан және Петропавл қаласы әкімдіктерімен, сондай-ақ, басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Сонымен қатар, аудан орталықтарында полигондар салу үшін құжаттама әзірлеуді және су бұру жүйелері мен кәріз тазарту құрылыстарын салу жобаларының іске асырылуын бақылауды жүктеймін. Экологиялық проблемаларды кешенді шешу бойынша әзірленген жол картасы пункттерін орындау жөнінде де жан-жақты шаралар қабылдау керек. 2023 жылғы 1 маусымға дейін апатты жағдайдағы барлық қоқық үйіндісін жою маңызды. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының әкімі жаңа полигон салу және қолданыстағы аумақтарды қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстар берсін.

Жиында рұқсат етілмеген жерлерге тұрмыстық қатты қалдық тастау жайлы да сөз қозғалды. Өткен жылы облыс аумағында мұндай 232
орын табылған. Бүгінде олардың басым бөлігі жойылған.

 

Байболат Култанов