Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

СҚО-да қоғамдық көлікпен жүру ақысы көтерілуі мүмкін

Өңірде автобусмен жүру ақысы ұлғаюы мүмкін. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды. Жиында алдымен мінберге жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы шықты. Мақсат Баяхметтің айтуынша, қазір өлкедегі 443 ауылдың 83 пайызына қоғамдық көлік қатынайды. Қалғандарына жолаушы тасымалдау тиімсіз екен. Сол себепті, кәсіпкерлер құлшыныс танытпай отырған көрінеді.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– 2017 жылдан бері тасымалдаушылардың шығыны 2-3 есеге артты. Мысалы, бұрын 1 литр дизель отыны 130 теңге тұрса, қазір 260 теңгенің маңайында. Бензин болса 150 теңгеге қымбаттады. Автобустардың бағасы да шарықтап кетті. Кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсуде.

Мәселені шешудің бірден-бір жолы – тарифті ұлғайту. Яғни, қоғамдық көлікте жүру ақысы артса, проблема біржақты етіледі. “Соның есебінен автобус тасымалымен қамтылатын ауылдардың саны артады”,- дейді Мақсат Баяхмет.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– В первую очередь хотим дополнительно охватить отдаленные районы области: им.Г.Мусрепова, Акжарский, Уалихановский, Айыртауский.

Петропавлдағы қоғамдық көліктерге де тікелей қатысы бар бұл ұсыныс енді облыстық мәслихат депутаттармен қаралып, мақұлдануы тиіс. Содан кейін ғана күшіне енеді. Алайда, өзгеріс жақын арада орын алмайтын сияқты. Себебі, бүгінгі жиынның өзінде жолақының өсуіне қарсы шыққандар болды.

ГАЛИНА СЕМЕНОВА, “СҚО жолаушылар тасымалы” қауымдастығының төрайымы:

– Қазір барлығы қымбаттап жатыр. Біз 2017 жылдан бері өзгеріссіз тұрған тарифті арттырумыз қажет. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Еліміздің басқа облыстарын қарайық. Өзге өңірлерде жол ақысы бізден жоғары.

“Жаңа автобустар лизингке алынған. Оларды да ұмытпау қажет”,- дейді Галина Семенова. Қоғамдық кеңес отырысында мінберге қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкірев те шықты. Атқамінер облыс орталығында жолаушы тасымалдайтын көліктерге арнайы датчик орнату жоспарда барын айтты. Құны әжептәуір дүниемен кіріп-шыққан адамдардың нақты санын тіркеуге болады екен.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, қала әкімінің орынбасары:

– Біз есептеу жүргіздік. Сонда қалада және облыс орталығы маңында жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктерді қондырғымен қамту үшін 387 млн теңге қажеттігіне көз жетіздік. Бірақ, бұл шығынды 1 жылдың ішінде ақтауға болады.

Жиында бұл жаңашылдыққа да қатысты наразылық айтылды. Сонда қала әкімінің орынбасары іргедегі Көкшетауда мұндай жаңашылдық барын және соның көмегімен тасымалдаушы жандардың кірісі 25 пайызға артқанын мәлім етті.

 

Байболат Култанов