Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінде 9-шы және 11-ші сынып оқушыларына арналып ашық есік күні өтті. Көңілді әрі ақпараттық-танымдық шараға жергілікті және жақын маңайдағы аудандардан келген 200-ге жуық ұл-қыз қатысты. Оларға 7 мамандық бойынша білім алатын жастар өз бағыттарын ерекше форматта таныстырды.
Сахнада жастардың бір бөлігі би билеп жатса, екіншілері мына тұста білген-түйгендерін пысықтауда. Бұлар – болашақ фельдшерлер. Олар оқушылардан қан алып жатыр.
ГУЛЬНАРА ЖАУДИНОВА, СҚ жоғары медицина колледжі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
– Біздің колледжде медбикелер, фельдшерлер, зертханашылар, фармацевтер, дантистер мен тіс техниктері оқиды. Оқуға 9-шы және 11-ші сыныптан кейін қабылдаймыз. Түлектерден аттестат қана талап етіледі. Білім ошағында талапкерлерден тест алынады. Сол бойынша грант тағайындалады.
Колледж студенттері белсенді әрі білімді. Мұнда әр түрлі жастағы адам оқиды. Мысалы, биыл Гүлнәр Қалиев қырықтың қырқасына шығып отыр. Алдағы жазда диплом алмақ. Қоғамға медицина қызметкерлері аса қажеттігін жақсы білетін нәзікжанды “ештен кеш жақсы” дейді.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің студенті:
– Оқуға 2020 жылы түстім. Мамандығым – “зертханалық диагностика”. Өте ұнайды. Мұғалімдер сапалы білім береді.
Колледж қабырғасындағы ашық есік күні бірнеше сағатқа жалғасты. Болашақта ақ халат киіп, адамдарға көмек беруді арман еткен оқушыларға бұл шара аса ұнапты. Аймекен Әміреқұл келешекте әпкелерінің жолын қуғысы келеді.
АЙМЕКЕН ӘМІРЕҚҰЛ, оқушы:
– Болашақта басқа елдерге барып, білім алғым келеді. Медицина саласын дамытсам деймін.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінде 1280 студент білім алады. Оның 360-ы бюджет есебінен оқиды. Өткен жылы алғашқы курсқа 400 жас қабылданыпты. Білім ұясындағы оқу ақысы 350 мыңның үстінде.
Байболат Култанов