Денсаулық сақтау

Аңсаған сәби: СҚО-ға биыл 190 квота бөлінді

Бедеулік диагнозы ерлі-зайыптылар арасында белең алып бара жатыр.
Өңірдің ақхалаттылары осындай пікірде. Өйткені, қазір туған баласын құшағына басуды армандап, аңсап жүрген 700-ден астам отбасы бедеулік бойынша есепте тұр. 2021 жылы іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында өткен жылы өңірге 201 квота бөлінген екен. Нәтижесінде 100-ден астам ата-ана балалы болды.

ВИКТОР ПРОЦЕНКО, облыстық перинаталдық орталығының репродуктолог-дәрігері:

– Өткен жылы бағдарлама аясында босанған нәзікжандылардың 16-сы егіз туды. Сәбилердің дендері сау. Жалпы, өткен жылы облысымызға берілген квоталардың барлығы игерілді. Бірақ, былтырғы нәтиже 2021 жылғымен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Жасанды ұрықтандырудың 35 пайызы ғана оң нәтиже көрсетті. 2021-де бұл көрсеткіш 51 пайызды құраған болатын.

Бұған себеп – ерлі-зайыптылардың денсаулығы. Ағзадағы гормондардың құбылуынан сәби сүю мүмкіндігі төмендей түседі дейді мамандар. Мәселен, нәзікжандылардың дені пролактин гормонын уақытында емдемейді екен. Сол себепті, ақхалаттылар салауатты өмір салтын ұстануды, уақытында дәрігерлерге тексеріліп, қажет болса ем алу қажеттігін ескертеді. Жалпы, жасанды ұрықтандыруға қатысты процедура тексерілуді қоса алғанда 2-3 айға созылады.

ВИКТОР ПРОЦЕНКО, облыстық перинаталдық орталығының репродуктолог-дәрігері:

– Әйел адам бізге жүгінген кезде ең бастапқыда бедеулік факторын анықтаймыз. Сондай-ақ, міндетті гормоналды тексеру жүргіземіз, кариотип аламыз. Бұл – әйелдегі болуы мүмкін хромосомалық патологияны көрсететін хромосомалар жиынтығы. Негізі, жасанды ұрықтандыру көмегіне 30 бен 35 жас аралығындағы әйелдер жүгінеді.

Негізі, ЭКО процедурасы арзан емес. Құны 1 млн теңгеге жуықтайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында барлық шығын мемлекет тарапынан өтеледі. Бастысы, нәзікжанды медициналық тұрғыда сақтандырылуы керек.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Ең алдымен, нәзікжанды өзінің тіркелген емханасына барып, қажетті тексерістерден өтуі керек. Оның нәтижелерімен облыстық перинаталдық орталыққа репродуктолог дәрігеріне жүгінеді. Ол маманның тапсырмасымен тағы да көптеген зерттеулерден өтеді. Олардың барлығы дайын болып, денсаулық сақтау басқармасынан квота келеді.

“Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында биыл өңірге 190 квота бөлінді. Қазіргі уақытта балалы болғысы келетін 80-нен астам әйел адам квота алу үшін есепте тұр. Тегін жолдама жергілікті перинаталдық орталықта берілгенімен нәзікжандылар ЭКО процедурасын жасайтын қаланы өздері таңдайды. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 24 ЭКО ??? орталық жұмыс істейді.

 

Самал Жунусова