Спорт сарайында хоккейден “Федерация Кубогіне” арналған республикалық турнирдің финалы өтуде. Дода 2008 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған.
Қазір мұз айдынында – жергілікті “Qulager” мен шымкенттік “Tornado” командалары. Ойын алғашқы минуттан-ақ қызу басталып кетті. Спортшылар шайбаны бір-бірінен кезекпен алып қойып жатыр. Мұз иелері бірінші болып есеп ашуға тырысып еді, жолдары болмай қалды. Құлагерліктердің қарсыластары шапшаң шабуыл жасап, есеп ашты. Бірінші период шымкенттіктердің пайдасына 0 де 1 есебімен аяқталды.
– “Qulager” командасында немерем ойнап жатыр. Бүгін оны қолдау үшін келіп отырмын. Ойын тартысты өтіп жатыр.
– “Тартысты ойынның куәсі болып отырмыз. Құлагерліктер жеңіске жетеді деген үміттемін.
Турнирде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 8 құрама өзара мықтыны анықтауда. Барлық команда мықты дайындықпен келген. Қ.Байболов атындағы мамандандырылған БЖСМ жетекшісі Владимир Щербаковтың айтуынша, хоккей жасөспірімдер арасында жылдан-жылға дамып келеді.
ВЛАДИМИР ЩЕРБАКОВ, Қ.Байболов атындағы мамандандырылған БЖСМ жетекшісі:
– Хоккейдің өңірдегі даму қарқыны жақсы. Жарыстар көп ұйымдастырылады. Біздің “Qulager” командасы қазір жақсы нәтиже көрсетуде.
Жерлес жас хоккейшілердің басты мақсаты – жастар құрамасына кіру. “Мұратқа жету үшін көп еңбектену қажет дейді”, – дейді Владимир Щербаков. Алда әлі бірнеше турнир бар.
Самал Жунусова