Қазіргі әлемдегі қазақстандық мәдениет. Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада осындай атаумен шығармашылық диалог ұйымдастырылды. Диалог студенттер мен өнер саласының өкілдері арасында өтті. Қос тарап ұлттық аспаптар жайында әңгімелесті, көне киім үлгілері мен актерлік шеберлікті талқылады.
Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері Тимур Кәрімжанов балаларға актерлік өнерді көрсетіп жатыр. Студенттер дарынды жанмен бірге ортаға шығып, көрсеткен іс-қимылдарын қайталауда. Сонымен қатар, “Томирис” балалар сән театры “Ұлы дала” атты киім топтамасын паш етті. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы Ханымгүл Базарова өзімен бірге көне шертер аспабын ала келген екен. Ол ұл-қыздарға осы аспаптың шығу тарихы жайлы баяндамақ. Шәкірті Жанар Қасенова халық күйі “Ақсақ аюды” орындап бермек.
ХАНЫМГҮЛ БАЗАРОВА, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы:
– Осы шертер аспабын балалардың көбісі біле қоймайды. Себебі, бұл – көне аспап. Сондықтан, қазір осы аспаптың біздің мәдениетте қандай орын алып жатқаны және деңгейін айтып өтеміз. Негізінен, осы аспапқа шығармалар аз болған, қазір композиторлар үлестерін қосып, өз туындыларын шығаруда.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттау.
ЛӘЗЗАТ БРИМОВА, Иван Шухов атындағы қалалық кітапхананың кітапханашысы:
– Ең бастысы, жастар біздің салт-дәстүріміз бен әдебиетімізді ұмытпауы қажет. Біз балаларға ұлттық аспаптар мен көне үлгідегі киімдерді таныстырып өттік. Студенттердің қызығушылығы зор. Бұндай жиынды алдағы уақытта жиі өткізіп отырамыз.
Жиын соңында жастар өнерге деген қызығушылықтарын білдіріп, сұрақтарын қойды.
Гульден Симбаева