МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Литва елшісі өңірдегі нысандарды аралады

Өңірге жұмыс сапарымен келген Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис облыс орталығындағы өндіріс орындарын аралады. Елші ең алдымен “Петропавл электротехникалық зауытында” болды. “Alageum Electric” компаниясы өткен жылы 3,2 млрд теңгенің қондырғысын шығарған. Солтүстікқазақстандық трансформаторлар Ресейге экспортталуда. Биыл серіктестік басшылығы Монғолияға барып, сонда әріптестік орнатуды көздеп отыр.

Биыл серіктестік басшылығы жалпы сомасы 10 млрд теңгенің тауарын шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан кейін литвалық елші “Солтүстік фанер комбинатының” жұмысымен танысты. Өткен жылы серіктестік қабырғасында 16 мың текше метр өнім өндірілген. Қазіргі таңда тауарлар Литва, Латвия, Польша, Германия сынды елдерге жеткізіледі. Экспорттың пайыздық көрсеткіші 70-ті құрайды. Алдағы уақытта өндіріс ошағының ауқымы кеңеймек. Қазіргі таңда серіктестік басшылығы ДСП материалын шығарытын зауыттың кірпішін қалауда.

АЙВАЗ БАКИРОВ, “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директорының орынбасары:
– Жылдық қуаттылық 50 мың текше метрді құрамақ. Материалды өндіруде өңірде жиналған ағаш қалдықтары қолданылады. Жаңа зауытта 300 адам жұмыспен қамтылады.

Келесі кезекте – “Радуга” серіктестігінің өндіріс ошағы. Бұл – аталған компанияның металл-пластикалық тауар шығаратын зауыты. Яғни, күнделікті тұрмыста қолданылатын пакет, шелек сынды дүниелер жасалады.

ЕВГЕНИЙ ЛИ, “Радуга” ЖШС металл-пластик зауытының директоры:
– Біз сапалы әрі арзан тауар түрлерін әзірлейміз. Қазір екінші бағытты қолға алу мақсатында тиісті жұмыс атқарып жатырмыз. Алдағы уақытта серіктестік картон қағазын өндіреді.

Жалпы, “Радуга” серіктестігінің өндіріс ауқымы кең. Зауытта тұрмыстық қажеттіліктегі дүниелерден бөлек тез дайындалатын кеспелер мен пістелер де өндіріледі. Өткен жылы тегеурінді кәсіпорын қағаз өнімдерін шығаратын фабриканы іске қосты. Нысан ішіндегі соңғы үлгідегі қондырғылар целлюлозаны, макулатура мен қайта өңделетін өзге заттарды да пайдаға жаратады. Нәтижесінде 20-дан астам тауар түрі шығарылады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 6 мың тоннаны құрайды. Гинтаутас Васюлис бас сұққан соңғы кәсіпорын – «Масло-Дел» серіктестігі. Компания тәулігіне 500 тонна сүт және 60 тонна айран шығаруға қауһарлы.

ЕВГЕНИЙ ШЕГЕЛ, «Масло-Дел» ЖШС өндіріс технологы:
– Өнімімізге деген сұраныс көп. Сол себепті, 3-ші желіні іске қоспақшымыз. Жаңа желі бір тәулікте 250 тонна айран шығармақ. Қазіргі таңда серіктестікте сағатына 18 тонна қаймақ өндіріледі. Өнімдерімізді әзірге экспортқа аса шығарып жатқан жоқпыз. Өткен жылы Қырғызстанға өнімнің бірнеше партиясын жібердік.

Өндіріс орындарымен танысқан елші өңірдегі бизнес субъектілердің жұмысына оң бағасын берді.

ГИНТАУТАС ВАСЮЛИС, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
– Нысандар жоғары деңгейде жабдықталған. Бәрі заманауи. Жалпы, жұмыс сапарымның негізгі мақсаты – қос ел арасындағы бизнес әріптестікті нығайту. Бүгін байқағанымдай, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндігі зор. Трансформатор шығарумен айналысатын зауыт та тамсандырды.

Айта кетейік, Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-саттық айналымы жыл сайын шамамен 1,5 млрд евроны құрайды.

 

Алдияр Айтпаев