Тігінші, шаштараз бен түрлі бизнес-бағыттар. Жазасын өтеп жатқан жандарға жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бүгін қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесіне танымал бизнес-тренер Медер Аматов келіп, тігін цехінің жұмысшыларына кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндірді.
МЕДЕР АМАТОВ, әлеуметтік кәсіпкер:
– Біз қазір түзету мекемелерімен жұмыс істеп жатырмыз. Колонияда отырған қыз-жігіттерді ұмытпау керек деп ойлаймын. Олар жаман жолға кетіп қалғаны – қателескендері. Қайта шыққаннан кейін адамгершілікті сақтап, осы мекемеге қайтып келмеу үшін не керек? Сол жайында әңгімелестік.
Бұндай шара мекемеде алғаш ұйымдастырылып жатқан жоқ. Осыдан тура 2 апта бұрын Медер Аматов жазасын өтеуші нәзікжандылармен жүздесіпті. Кәсіпкердің мақсаты – олармен өз тәжірибесімен бөлісу, психологиялық тұрғыда мотивация беру.
МЕДЕР АМАТОВ, әлеуметтік кәсіпкер:
– Тәжірибеммен бөлісіп, менің өмірім қандай болғанын айтып, бар білгенімді әрқашан беруге дайынмын. Бәрі кәсіпкерлік туралы сұрайды. Бірақ, сол кәсіпкерліктің артында психологиялық бір проблема бар. Оны қалай шешеміз? Сол жайында сөйлесеміз. Себебі, қазір қоғамда жаман стигмата, яғни стереотип бар. Түрмеден шыққан адамға сенім жоқ деп жұмысқа алмайды. Ал кәсіпкер болам деушілермен партнер болмаймын дейтіндер көп.
Түзету мекемесінде тігін цехын ашқан киім дизайнері Зарина Черняева мұндай шеберлік сабақтарынан кейін әйелдерде жұмыс істеуге деген ынта пайда болады дейді.
ЗАРИНА ЧЕРНЯЕВА, кәсіпкер
– Медер Аматовты бірінші рет шақырғанымда мен оң динамика байқадым, қыздардың жұмыс істеуге деген қызығушылығы артты. Цехтағы жағдай да өзгерді. Орталық Азияның Еуразия қорымен бірлесіп біз қыздарға арналған қысқа мерзімді курстар ұйымдастырдық. Гранттық қаражат бөлінді, құрал-жабдықтар сатып алдық. Жалақы келісімшарт бойынша төленеді.
Наталья Тайшабаева тігін цехінде тігінші болып жұмыс істейді. Тігуді осында үйрендім дейді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта шаштараздыққа да машықтанып жүр.
НАТАЛЬЯ ТАЙШАБАЕВА, жазасын өтеуші:
– Бүгін келген танымал кәсіпкер жақсы кеңестер берді. Жақсы эмоция алдық. Тағы да келгенін қалаймыз. Мен қазір шаштараздың оқуын оқып жатырмын. Өткен жылы Зарина Черняеваның тігінші курсында оқып, сертификат алғанмын.
Қазір іш киім мен спорттық костюмдер тігілетін тігін цехында 6 адам еңбек етіп жүр. Биыл мұнда тағы бірнеше жұмыс орны пайда болып қалуы мүмкін.
Самал Жунусова