Облыс орталығында жеткіншектер арасында тай боксынан қала чемпионаты өтті.
Жарыста алғаш болып өнер көрсеткен спортшының бірі – Юлия Стрелкова. Оның қимылы ширақ, соққылары дәл. Осы қос қасиетінің арқасында 12 жастағы жерлесіміз қарсыласын оңай жеңді.
ЮЛИЯ СТРЕЛКОВА, жарысқа қатысушы:
– Маған спорттың бұл түрі ұнайды. Мұнда барыңды салып, күш сынасасың. Алдағы уақытта шаршы алаң шебері атансам деймін. Мақсатым – биік белестерден көріну.
Келесі болып рингке 48 келі салмақ дәрежесіндегі балалар шықты. Қызыл бұрышта – Мейірлан Тілектес. Оның қарсыласының бойы ұзын. Соған қарамастан тай боксымен 2 жылдан бері айналысып жүрген Мейірлан жеңіске жетті.
МЕЙІРЛАН ТІЛЕКТЕС, жарысқа қатысушы:
– Жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Қазақстан чемпионатында 3-ші орын иелендім. Бұған дейін бокспен айналысқан едім. Әкемнің айтуымен тай боксына ауыстым.
Муай-тайдан қала чемпионаты 2 күнге созылды. Оған 10 мен 13 жас аралығындағы 60-тан аса ұл-қыз қатысты. Тай боксынан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Иван Ван-Хон-Тунның айтуынша, соңғы уақытта муай-тайға ер балаларға қарағанда қыздардың қызығушылығы артқан.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:
– Соңғы жылдары тай боксы қыздар арасында кеңінен таралды. Нәзікжандылардың қатары күнен-күнге артуда. Облысымыздың атынан өнер көрсетіп жүрген қаншама бұрымды бар. Бұған біз өте қуаныштымыз.
Жарыс соңында 10 салмақ дәрежесі бойынша үздіктер анықталды. Олар өңір намысын ел чемпионатында қорғамақ.
Гульден Симбаева