Сенбі күні Петропавлда ұлттық спорт түрі жекпе-жектен ашық біріншілік өтті. Жарысқа облыстың аудандары мен шаһардан жиналған 60-қа тарта саңлақ қатысты. Ортаға жарыстың ең жас әрі ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі спортшылар көтерілуде. Соқыр жеребе алғашқы кездесуде бір залда жаттығатын қос спортшыны жұптастырды. Рингте – Әділет Кәрімжан мен Кирилл Бузмаков. Жалынды жастар бір-бірінің қарым-қабілеттерін жақсы біледі. Осал тұстары мен оң жамбасына келетін қырларымен де жақсы таныс.
Бұл тартысты кездесу тағдыры 2-ші кезеңде шешілді. Әділет Кәрімжан қарсыласын қылқындыру әдісімен тізе бүктірді.
ӘДІЛЕТ КӘРІМЖАН, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– Жекпе-жекпен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Оған дейін М.Жұмабаев ауданы Булаево қаласында бокспен айналысқам. Бұған дейін бокстан жарыстарға қатысқам. Жекпе-жектен өз бағымды бүгін екінші рет сынаудамын.
Жарыста Есіл ауданының спортшылары да жақсы өнер көрсетуде. Асанәлі Жұматайдың жекпе-жекке бет бұрғанына 1 айдан астам уақыт өткен. Соған қарамастан жас бүгінгі бірінші кездесуде өз қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
АСАНӘЛІ ЖҰМАТАЙ, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:
– Бұған дейін ешқандай спорт түрімен айналысқан жоқпын. Биылдан бастап бет бұрдым. Қарсыласыма келер болсам, физикалық тұрғыда әлсіздеу дер едім. Бірақ, партерде жақсы жұмыс істейді. Петровкадан Покровка ауылына жаттығу жасау үшін өз күшімізбен жетіп жүрміз.
Бұл жарыстағы жастардың деңгейі жоғары. Әрбір кездесуде спортшылар жан алысып, жан берісуде. Себебі, осы додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, оза шапқандар облыс құрамасы сапына алынады.
ЖАЛҒАС ТОРТУЛОВ, жекпе-жектен облыстық федерацияның президенті:
– Бұл сайысымыз -ҚР чемпионатына іріктеу. Алдағы уақытта ақпанның 15-19-ы аралығында ересектер арасында жекпе-жектен ел біріншілігі өтеді. Одан кейін Атырау қаласында 2003-2004, 2005-2006 жылы туған балалардың арасында ҚР чемпионаты ұйымдастырылмақ. Сол жарыстарға осы жерден мықтыларды іріктеп алмақшымыз. Осы ашық біріншілікке Шал ақын, Жамбыл және Есіл ауданында да спортшылар келуде. Қазіргі таңда жекпе-жек спорт түрі өңірде енді ғана дамуда.
Айта кетейік, қазіргі таңда жекпе-жекпен өңірде 200-ге тарта спортшы айналысады. Аудандарда ұлттық спорт түрін дамыту үшін арнайы секциялар ашылу үстінде.
Алдияр Айтпаев