Спорт

Парашаңғыдан әлем чемпионы атанған спортшы өңірге оралды

 

Спорт сарайына жиналғандар парашаңғыдан әлем чемпионын қарсы алуда. Ербол Хамитовтың қуанышына ортақтасуға оның туған-туысқандары, достары мен жанкүйерлері жиналған. Жұртшылық толағайды бірлесе құттықтады.

Швецияның Эстерсунд қаласында өткен әлем біріншілігінде теріскейлік Ербол Хамитов спринт сайысында сәтті өнер көрсетті. Ол ақтық сында мәреге 2 минут 44 секундта жетіп, теріскейден шыққан тұңғыш чемпион атанды. Оның жас жанкүйерлері спортшының әр жарысын қызыға тамашалаймыз дейді.

– Ербол Хамитов әлем чемпионатында жеңіске жеткеніне өте қуаныштымын. Оның жарыстарын қалдырмауға тырысамын. Ол – еліміздің мақтанышы.
–  Мен әлем чемпионы атанған жерлесімді құттықтаймын. Чемпионға сәттілік тілеймін. Әрі қарай да биік белестерді бағындыра берсін.

Ерболдың басты жанкүйері – анасы. Ғалия Алпыспаева ұлының жарысы алдында қатты уайымдағанын айтады. Бауыры еті баласы мәреге құйғыта жетіп, топ жарғанда жерлесіміздің төбесі көкке екі елі жетпей қалған екен.

ҒАЛИЯ АЛПЫСПАЕВА, Ербол Хамитовтың анасы:
– Ерболымның бірінші орын алып жатқанына өте ризамын. Швецияда Қазақстанның туын желбіретті. Өзімді бақытты деп санаймын. Қолдау көрсетіп жатқан жандарға көп рахмет.

Жанкүйерлерге қолтаңба беріп, суретке түсіп болғаннан кейін Ербол Хамитов журналистерге чемпионат жайлы баяндады. Әлем біріншілігі алдында ол Швецияда оқу-жаттығу жиындарына қатысыпты. “Тынымсыз дайындық пен бойдағы ерік-жігер өз нәтижесін берді”,- дейді Қазақстан қоржынына 1 алтын мен 2 қола салған ел мақтанышы.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, парашаңғыдан әлем чемпионы:
–  Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарымыз өте мықты болды. Көк туымызды бүкіл әлемге желбіретіп келдік. Алланың қалауымен. Қазақстан, алға! Бапкерлеріме көп рахмет.

Айта кетейік, чемпионатта ел намысын 7 споршы қорғады, оның 4-еуі – солтүстікқазақстандық. Жерлестеріміз бұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар жақында ақпан айының соңында Америкада өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастамақ.


Самал Жунусова