Қоғам

2022 жылы өңірдегі кәсіпорындарда 38 жазатайым оқиға болып, 6 адам қаза тапты

ҚР еңбек заңнамасының талаптарын сақтау. Бүгін осындай атаумен жергілікті мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері жұмыс берушілердің қатысуымен семинар өткізді.
Жиынға “Қорғау” серіктестігінің директоры Батажан Оспанова да қатысты. Кәсіпорын өндірістік объектілерде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады.
Серіктестікте 10-нан астам адам еңбек етеді. Басшысының сөзінше, қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған.

БАТАЖАН ОСПАНОВ, “Қорғау” ЖШС директоры:
– Біздің серіктестік өрт сөндіруде қолданылатын көбік шығарумен айналысады. Бұл – еліміз бойынша осындай жалғыз кәсіпорын. Жалпы, серіктестіктің жұмыс істеп тұрғанына – 20 жыл. Бүгінде 12 адам еңбек етеді. Жеке ғимаратымыз бар. Нысанның іші барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Қызметкерлер арнайы киіммен жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Алайда, жұмыс берушілердің арасында өз жұмысшыларына тиісті жағдайды жасамайтындар аз емес. Жергілікті мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Сабағанов өткен жылғы статистикаға кезек беріп, жұмыс орындарында орын алған жазатайым оқиғаларды баян етті.

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:
– Былтырғы жылы өндірісте 38 жазатайым оқиға орын алып, 44 адам зардап шекті. 6 адам қайтыс болды. Мәселен, өткен жылы “Петропавл жолдары” серіктестігінің 2 жұмысшысы Есіл ауданында қаза тапты. Көпірді мұздан тазалап жүргенде оларды ауыр жүк көлігі соққан. Бұл жерде тағы 3 адам жарақат алған болатын. Бұл жағдайда жұмыс беруші толығымен кінәлі деп танылды.

Мамандардың сөзінше, кейбір құрылыс компанияларының басшылары жұмысшылардың тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алмау үшін олармен еңбек шарттарын жасаспайтын жөн көреді. Бұл мәселені шешу үшін облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы бірнеше ведомствомен және облыс орталығының әкімдігімен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізген. Енді жұмыс берушілер қызметкерлерімен еңбек шарттарын жасасуға міндеттеледі. Биыл барлық жұмыс берушілер қызметкерлердің еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуі тиіс.


Дана Ешкенова