Құқық қорғау органдары

Өңірде кәмелет жасқа толмаған нашақор тіркелді

Елімізде нашақорлықтың алдын алу мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар қолға алынып жатады. Есірткінің зияны туралы талай айтылып жүргенімен әлі күнге дейін бұл өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Себебі, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында 500-ге жуық нашақор ресми түрде тіркеуде тұр. Оның 1-уі – кәмелетке толмаған бала. Мұндай статистикамен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жергілікті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жангелді Әпенов бөлісті.

 Жангелді Әпенов, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
– 2022 жылдың 12 айында 242-і есірткілік құқық бұзушылық және өткізудің 90 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 425 келі есірткі тәркіленді. Оның 3 келісінен астамы синтетика болып табылады. Қылмыстық жауапкершілікке 139 адам тартылды. Оның 8-і – шетелдік азамат.

Қазіргі таңда жиі кездесетін психотропты заттардың бірі синтетикалық есірткі болып табылады. Мамандардың сөзінше, синтетикалық есірткіге әуестенген адамдардың қатарының артуы зиянды заттың қолжетімділігінің кесірінен болып отыр. Сондықтан, бүгінгі таңда есірткі таратқан адамға қатысты жаза қатаңдатылып отыр. Енді зиянды затты сатумен айналысқандар 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Нашаны жарнамалаушылар да биылдан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жангелді Әпенов, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
– Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерту бойынша енді интернетте есірткі жарнамалағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бұрын бұл әрекет тек әкімшілік іспен шектелетін. Есірткі жайлы жария еткендер 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Былтырғы жылы Петропавл қаласында 73 граффити жазбалары жойылды. Биылғы жылы осындай жазбалардың 7-еуі анықталды.

Сондай-ақ, өткен жылы тәртіп сақшылары жасөспірімдермен 600-ден астам кездесу өткізген. Жастар арасындағы түсіндіру шаралары жалғасын табады.


Дана Ешкенова