Мәдениет

“Періште үміт жаршысы” атты портрет-кеш өтті

 

“Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы баршамызға жақсы таныс. Жыл сайын белгілі бір автордың туындысы таңдалып, барша қазақстандықтар соны бір мезгілде оқиды. 2023-те басымдық Төлен Әбдіковтың шығармаларына беріліп отыр. Яғни, нақты әңгіме белгіленбеген, таңдау – оқырманның өз еркінде. Осыған байланысты бүгін Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада портрет-кеш ұйымдастырылды. Жазушының өмірбаяны, қаламынан туған шығармалары талданды.

ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың филиал меңгерушісі:
–  Біздің басты мақсатымыз – кітапты насихаттау. Әсіресе, Төлен Әбдіковтың шығармаларын. Ол қазақтың мақал-мәтелдерін кең қолданған. Негізінен, Төлен Әбдік көп повесть, әңгіме жазған. Әңгімелерінде қазақ ауылының тұрмысын, қазақ елінің болашағын басқа көзбен көріп, армандау сияқты әңгімелер жазған.

Төлен Әбдіковтың шығармаларының ішіндегі кеңінен таралғаны – “Қонақтар” әңгімесі. Туындыда ата-ананы сыйлап, құрметтеу, салт-дәстүрді берік ұстану туралы жазылған. Соның негізінде Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушылары көрініс дайындап әкеліпті.

Ал “Оң қол” – белгілі драматургтың ең алғаш жазған әңгімелерінің бірі. Автор бұл арқылы адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың арпалысын көрсеткісі келген.

ҚЫРМЫЗЫ БАШЕНОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің мұғалімі:
– Бұл әңгімеде психиатриялық ауруханада жатқан 17-18 жас шамасындағы Алма деген жас қыздың қайғылы тағдыры суреттеледі. Алманың түн ұйқысына кеткен уақытта оң қолы өзін-өзі өлтірмекші болады. Жазушы бұл жерде Алманың бойындағы 2 әлемнің қарама-қайшылығын көрсетпекші болды. Яғни, бір қолы тек жақсылыққа ұмтылса, екіншісі зұлымдық жасауға ұмтылып жатыр. Ақыр аяғында дәрігерлер Алманың қолын алып тастау туралы шешімге келген. Өйткені, бұл аурудың емі табылмайды.

Кітапхана қызметкерлері Төлен Әбдіковтың шығармаларына арнап жыл бойына түрлі шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.


Алтынай Казиканова