Денсаулық сақтау

СҚО-та туберкулезбен аурушаңдық өсті

 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 15,7 пайызға өсті. Мәселен, оның алдында 187 науқас есепке алынса, бүгінде сан 200-ден асып жығылады. Дерт балалар арасында да күшейіп барады. Қазір 10 ұл-қыз – дәрігерлердің қадағалауында. Еске салсақ, соңғы жылдары коронавирустың салдарынан адамзат оқшауланып, бар санитарлық нормаларды сақтаған еді. Мұның бәрі туберкулезді сәл тежеуге септескендей. Қазір жағдай тұрақталды, ешкім бетперде тақпайды. Салдары енді белгілі болып отыр.

КЕНЖЕГҮЛ ӘРІПОВА, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:
– 12 айдың қорытындысы бойынша туберкулезден өлім-жітім төмендеді. Былтыр 16 адам қайтыс болса, биыл 14 адам көз жұмды. Көрсеткіш 13 пайызға төмендеді. Кімнің бойында туберкулез белгілері болса, бірінші аймақтық дәрігеріне қаралады. Егер расталса, флюорографиялық тексерістен өтеді. Мұндай тексерістен көбіне қауіпті топқа жататын науқастар өтеді. Оған араққұмарлар, нашақорлар, қант диабетімен ауыратындар кіреді.

Бүгіндері орталықта адам бойынан туберкулез белгілерін анықтауға арналған бар қондырғы қолжетімді. Ауруды небәрі 2 сағаттың ішінде табуға болады. Бұрын пациенттердің 2 аптасы анализ нәтижелерін күтумен өтетін. Заман игілігі GeneXpert деп аталады. Соңғы 3 жылда аппарат өңірдің 4 ауданына берілген.

КЕНЖЕГҮЛ ӘРІПОВА, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:
– Тайынша, Жамбыл, Есіл және Шал ақын ауданына берілді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта туберкулездің дәріге тұрақты түрі деген түрі пайда болды. Мұндай науқастар 2 жылға жуық емделеді. Облыстағы туберкулезге шалдыққан адамдар толығымен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, емделу тегін.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Қазіргі уақытта облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта 296 адам диспансерлік есепте тұр. 60 науқас стационарлық деңгейде, тағы 200-ден астамы амбулаторлық жағдайда ем қабылдап жатыр.

Бүгінде орталықта туберкулезден басқа да дерттерді емдейтін бөлімшелер ашылып жатыр. Жаңа бөлімшелер пульмонологиялық және торакальдық-хирургиялық деп аталады.


Алтынай Казиканова