АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
Жыл сайын Қозыбаев университетіне бөлінетін гранттардың саны артып келеді. Мәселен, биыл көрсеткіш 1200-ді құрамақ. Барлығы – бакалавр дәрежесіне. Өткен жылы студенттерге жалпы 1000 грант беріліпті.
Алайда, университет әкімшілігі тағы қосымша 800 грант сұрап, 2 мың түлекті тегін оқытуды көздеп отыр. Бұл негізінен, журналистика, құқықтану, дизайнер мамандығына қатысты. Білім министрлігіне өтініш тасталған, шешім қашан шығарылатыны әзірге белгісіз. Қоса кетсек, осы қыста магистрларға 20 грант бөлініпті.
ФАРИЗА МҰҚАНОВА, Қозыбаев университеті кафедра меңгерушісі:
– Биылғы қыркүйек айынан бастап Аризона университетімен бірлескен жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Ауыл шаруашылығы бағытында 3 мамандық, ІТ-технология және педагогикалық биотехнология саласындағы мамандықтар пайда болды. Қазір екідипломдық, халықаралық бағдарламаларда студенттер білім алып жатыр. Ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтарға көп көңіл бөлінуде.
Оқу орнында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша біршама іс қолға алынған. Ішіндегі ең ауқымды әрі ерекшесі – шетелдік тәжірибе. Бұның қалай жүзеге асырылып жатқандығын түсіндіре кетейік. Білім алушылар 6 ай көлемінде Германиядағы ірі экологиялық таза өнім өндірумен айналысатын компанияларда өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл үрдіс 9 жыл бойы жалғасын тауып келеді. Биыл 12 студент ойөрісін кеңейтіп, елге оралған. Жастарға жалақы төленіп, тіл үйрену мүмкіндігі беріледі.
ФАРИЗА МҰҚАНОВА, Қозыбаев университеті кафедра меңгерушісі:
– 2019 жылы алғаш рет республика бойынша 40 білім алушы Польшада өндірістік тәжірибеден өтіп келді. Ол да жарты жылға созылады. Биылғы жылы бұл жұмыс жанданды. Көктемде 30 студентті жіберуді жоспарлап отырмыз.
Бүгінде университетте 164 білім беру бағдарламасы бар. 6 мыңға жуық студент оқуда. 60 пайызы тегін білім алып жатыр.
Алтынай Казиканова