Бір апта ішінде өңірде 21 мас жүргізуші құрықталды. Соңғы жайттардың бірі 38 жастағы қарағандылыққа қатысты. “BMW” көлігін есірткілік масаң күйде басқарған ер адам қаланың солтүстік бөлігінде полицейлердің назарына ілігіпті.
Жүргізушінің бойында есірткі бар екені медициналық куәландыру барысында расталды. Онымен қоса полицейлердің құрығына ілінген қарағандылықтың көлік басқаруға құқығы жоқ екені де анықталды. Нәтижесінде оған қатысты хаттама толтырылды. Соттың шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Айта кетейік, бұл факті өңірде өткізіліп жатқан «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық шарасы аясында анықталып отыр.
БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы
– Көлік құралдарын мас күйде басқару және жүргізу құқығынан бұрын айырылған тұлғаларды ұсату мақсатында облыс аумағында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Осыған орай ауа райының жағдайларын ескере отырып, жол қозғалысының барлық қатысушыларына айтарымыз, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, яғни жылдамдықты асырмай, маневр жасау және арақашықтықты сақтау ережелерін мұқият сақтауларыңызды сұраймыз.
Шара аясында жол жүрісі қағидаларын бұзуға қатысты 1500-ден астам факті тіркеліпті. Ең көп көздескен түрі – жылдамдықты асыру, көлік басқару құқығынсыз рөлге отыру және көлікті уақытында техникалық тексерістен өткізбеу. Сондай-ақ, қауіпсіздік белдігін тақпайтындар мен көлік жүргізіп отырып телефонмен сөйлесетіндер де аз емес.