ТЖ

Өрт сөндіру көлігіне жол бермегендер айыппұл арқалайды

 


Құтқарушылар кезекті рейдке шықты. Бұл жолы мамандар аулаларды аралап, жаяу жүрген жоқ. Темір тұлпар тізгіндеп, қала көшелерін шарлап жүр. Мамандардың мақсаты – жүргізушілерді тексеру. Қалай десеңіздер? Жан арашалауға асыққан арнайы техникаға тұрғындар қаншалықты құрмет көрсетіп, жол беретіндігін бағамдауда.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері
–  Тұрғындардың кейбіреуі ережелерді сақтап, жол беруде, әрине. Өрт сөндіру көліктеріне жол бермеген кездер де болды, оларға ескерту жазылды. Жүргізушілерге айтарым: ережені сақтап, арнайы көліктерді өткізіп отырыңыздар.

Кей жағдайда жерлестеріміз аулаларына көліктерді қатарынан қойып, ине шаншар жер қалдырмайды. Осының салдарынан апат орын алып немесе медициналық көмек қажет болған жағдайда мамандар кідіріп жатады. Себебі, тұрғын үйдің алдына жақындай алмайды.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:
– Әсіресе, кешкі уақытта, яғни, тұрғындар жұмыстан шыққан соң аулаларда көліктер көбейеді. Кейбірі, тіпті, машиналарын подъездің алдына қояды. Салдарынан өрт сөндіру көлігі қызыл жалын бас көтерген жерден 50-100 метр қашықтықта тоқтайды.

Айта кетейік, жыл басынан 2 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Арнайы көліктерді өткізбеген темір тұлпар иелеріне 7 АЕК көлемінде айыппұл салынды.