СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы

 

 

Облыстық әкімдікте шұғыл кеңес өтті. Алдымен өңірдің қаңтар-қараша айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы пысықталды. Бұл жайында облыстың экономика басқармасының басшысы баяндама жасады. Қуанышбек Қалижановтың сөзінше, биылғы жылдың 11 айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9 пайызды құрады.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 11,6 пайызға артқан. Өсімдік бағытындағы нақты көлем индексі 113,9 пайызды құрады. Бұл – астық көлемінің ұлғайғандығының көрінісі. Мал өніміндегі өсім – 4,3 пайыз. Қаңтар-қараша аралығында өңірдегі төрт түлік саны біршама артты. Өнеркәсіптік өндірісте де оң динамика байқалады. Құрылыс саласында да алға жылжу бар. Ол негізінен жөндеу жұмыстарының есебінен болып отыр.

Бұл – жалпы көрсеткіштер. Статистика осал емес. Дегенмен,
облыс көшіне ілесе алмай жатқан аудандар бар. Жамбыл мен Есіл аудандарында өнеркәсіптік өндірісте 2-ші тоқсаннан бастап төмендеу байқалады. Мұны өңір жетекшісі қатаң сынға алды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
 – 11 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл ауданында өндіріс көлемі 11 пайызға төмендеген. Марат Мәкенұлы, осы жөнінде түсініктеме беріп кетіңіз. Бұл жағдайды қашан және қалай қалыпқа келтіресіз?

Жиынға онлайн қатысқан Жамбыл ауданының әкімі бұл жағдайға қатысты былай деп жауап берді.

 МАРАТ ЕСКЕНДІРОВ, Жамбыл ауданының әкімі
– Основное падение у нас в машиностроении. Ремонт сельхозтехники. Связи с тем, что крупные предприятия закупили новую технику, уменьшились ремонтные работы.

Бұл жауап көңіл көншітпейді. Айдарбек Сапаров Жамбыл ауданының әкіміне ауданда өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырды. Ол үшін инвестициялық жобалар әзірлеп, оны іске асыру сапасына көңіл бөлу қажет деді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Инвесторларды шақыру керек. Сіздердің жұмыстарыңыз сол. Қалай біз халықтың деңгейін көтере аламыз осылай жұмыс істейтін болсақ? 11 айдың қорытындысы осымен бітеді. Бірақ, келер жылға жоспарларыңызды дұрыстап тұрып дайындаңыздар. Әкімдердің барлығына айтып отырмын. Бұлай жұмыс істеуге болмайды.

Өңір жетекшісі облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмринді де сынның астына алды. Себебі, биылдыққа өлкеде құс фабрикалары мен сүт фермаларынан басқа ірі инвестициялық жобалар қолға алынбаған.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Дархан Өмірсерікұлы, что скажете по инвестициям? Почему план 413 млрд теңге. А исполнение всего 73 процента? Осталось всего 10 дней.

Дархан Әмрин, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы  басшысының  міндетін атқарушы:
– Биыл бізде түрік ауруханасының құрылысы жоспарланған болатын. Бірақ, жоспар орындалмай қалды. Сол себепті, көрсеткіш те төмендеді. Ал Сырымбет кен орны мен “Cool Infinity” жобасы бойынша қаржыландыруды жыл соңына дейін күтеміз. Сондай-ақ, осы айдың соңына дейін май зауыты қолданысқа енгізілмек. Инвестиция көлемі – 5,5 млрд теңге.

Өңірде тұрғын үйлерді қолданысқа тапсыру жоспары да толық орындалмаған. Бүгінге дейін міндеттелген 400 мың шаршы метрдің жартысынан кемі ғана қолданысқа тапсырылған. Әсіресе, Тимирязев, Ақжар, Уәлиханов пен Мамлют аудандарында құрылыс қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген.

 Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Құрылыс жұмыстары Тимирязев ауданында – 83,3%-ға, Ақжарда – 62,4-ке, Уәлиханов ауданында – 23, Мамлют ауданында 5,4%-ға төмендеген. Облыс орталығындағы жағдай да мәз емес. Қыруар қаржы бөлінуде. Бірақ, тиісті жұмыс уақытылы тындырылмай жатыр.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары
– Жыл соңына дейін біз жиынтық көлемі 188 мың шаршы метр болатын тұрғын үй тапсыруымыз керек. Бірақ, кейбір нысандар жобаның қымбаттауына байланысты келесі жылға қалдырылды. Дегенмен, жылдың соңына дейін жоспардың 90 пайызы орындалады деген ойдамыз.

Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды. Соның бірі жылу электр орталығына қатысты. Бүгінгі таңда жергілікті кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 12 млрд теңге бағытталған. Келесі жылы өз есебінен тағы 7 млрд теңге арналуы тиіс.

 Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Петропавлдағы жылу желілерінің тозуы 72%-ды құрап отыр. Әбден тозған учаскелердегі желілер ауыстырылғанымен бұл көрсеткіш бір қалыпта. Себебі, жаңа желілер бізге жағдайды қанағаттанарлық жағдайда ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Тозған желілерді ауыстырып, жөндеу жұмыстарының көлемін кеңейту үшін тарифті ұлғайту ұсынылып отыр.

Тағы бір мәселе жерге қатысты. Президент пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Биыл облыста жалпы ауданы 300 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Негізінен,
аумақтар жайылымдық. Алдағы уақытта учаскелер мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарына беріледі. Кеңес соңында аймақ басшысы Айдарбек Сапаров осындай жиындарды әр ай сайын өткізіп, бақылау жүргізіп тұратынын айтты.