Қоғам

Әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді цифрландыру

 

 

2023 жылдан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 95%-ы электрондық форматта көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде хабарлады.

ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– “2022 жылы қазақстандықтарға 13,1 млн қызмет көрсетілген. Бұл ретте электронды форматта 10,6 млн, оның 1 млн-нан астамы азаматтардың жіберілетін хабарламаларға берген жауаптары негізінде проактивті түрде көрсетілді. Яғни, үйінен шықпай смс хабарламаларға жауап бере отырып, тиісті мемлекет тарапынан жәрдемақыларды ала алды”.

Статистиканы тілге тиек етейік, 2020 жылы барлық қызметтердің 60%-ы электронды түрде көрсетілді. 2021-де көрсеткіш 72%-ға жеткен. Биылғы жылдың 11 айы ішінде әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру 80%-ды құрады.

ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– “2023 жылы барлық мемлекеттік қызметтердің 90%-ын тек қана электронды форматта көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін трансформациялау және реинжиниринг бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі”.

Брифингіде Ербол Оспанов бірыңғай цифрлық алаң, яғни электрондық еңбек биржасы және оның негізінде құрылған жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесіне тоқталып өтті.

ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
“2022 жылы жұмыс іздеп жүрген 371 мың адам немесе жалпы санының 61%-ы онлайн-форматта еңбек биржасына тіркелген. Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 31%-ы құрады. Осы оң нәтижені ескере отырып, 2023 жылдан бастап Жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау жоспарланып отыр. Жұмыс бағыттары өзгертіліп, адамдарға ыңғайлы форматқа ауыстырылады. Осы мақсатта мобильді қосымша жасалады”.

Сонымен қатар, электронды еңбек биржасында азаматтардың біліктілігін арттыру үшін онлайн курстар өткізілуде. Skills.Enbek платформасында 110 кәсіпті ішінара немесе толық қамтитын 162 қолжетімді курс бар. Жыл басынан бері 146 мың адам бұл жүйе арқылы оқып, сертификат алған. Тағы бір маңызды платформа – «Business.Enbek». Онда бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың барлық процестері автоматтандырылған. Биыл бұл жүйе арқылы қолдауға 21 мың адам ие болған.