Мәдениет

Жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алу кеші

 


Жазушы, публицист, аудармашы және өнер зерттеушісі. Биыл – сегіз қырлы, бір сырлы Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл. Осыған орай облыстық кітапханада “Ұлт рухының жанашыры” атты әдеби кеш өтті.

Ақселеу Сланұлы – қоғам қайраткері. Ол өзінің шығармашылық жолында қазақ тарихы мен шежіресі туралы ғана емес, ұлттық күй өнері жайлы да біраз еңбек жазды. Солардың кейбірін залда отырған жастарға Қозыбаев университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай айтып өтті. Зарқын Сыздықұлы Ақселеу Сейдімбектің жерлесі, әріптесі әрі жолдасы.

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
–  Ақселеу Сейдімбек – қазақтың сирек туатын азаматы. Біз онымен құрдаспыз, бірге жұмыс істегенбіз. Бүгін естелік айтайық деп, жастарға өнеге, тәрбие болатын шаруа айтайық деп жиналдық.

Ақселеу Сейдімбек – Қарағанды облысының тумасы. Оның публицистикалық еңбектері отандық журналистиканы жаңа деңгейге көтерген. Бүгін дарынды тұлғаны еске алу кешіне келіні де келіп отыр. Әлия Сейдімбек Ақселеу Сланұлы жұмыста қатал болғанымен, үйде өте жұмсақ кісі болды дейді.

ӘЛИЯ СЕЙДІМБЕК, Ақселеу Сейдімбектің келіні:
–  “Жақсы адамның аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” демекші, папамыз халқымыздың жүрегінде ұмытылмайды деп ойлаймын. Папамыз қатал болса да үйде өте ақжарқын, көңілді, бәрімізге үлгі тұтарлық болатын. Мен келін ретінде айтайын дегенім, ол кісі маған көп нәрсе үйретті. Қазақтың барлық салт-дәстүрін жақсы білетін. Оны бір сөзден түсінетінмін. Ал оның домбыра тартқаны бір ғанибет болатын.

Көрнекті ғалым-этнограф 8 монография, бірнеше тарихи-әдеби еңбек пен оқу құралдарының авторы. Оған қоса, 400-ден астам ғылыми мақала жазған. 4 жоғары оқу орнында басшылық лауазымда болған. Ақселеу Сланұлы өмірінің соңғы жылдары елордада еңбек еткен.