Қоғам

Әйелдер 61 жастан зейнетке шығады

 

Әйел бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тербетеді. Расымен де нәзікжандылардың қоғам өмірінде алар орны зор. Ер адамдармен иық теңестеріп, түзде жұмыс істейді, үйдегі күнделікті тірлікті де ұмытпайды. Уақыт өте келе мұның бәрі денсаулыққа әсер етері сөзсіз. Осыған байланысты көпшілік биліктен зейнет жасын төмендетуді сұраған еді. Тілек орындалғандай. Енді алдағы 5 жылда әйелдер 61 жастан бейнетінің зейнетін көрмек.

 

ОЛЬГА ПЕРЕПЕЧИНА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету – қызу талқыдағы мәселе. Сенат та бұл мәселені жан-жақты қарастырып, талқыға салды. Соңғы орын алған жағдайлар, әсіресе, пандемия сияқты қауіп-қатерлер де ескерусіз қалмады. Барлығын қорыта келе, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028-ші жылға дейін 61 жас болып бекітілді.

Петропавлдық Ғалымбек Ғайсин мұндай өзгеріс орын алғанына қуанышты. “Әйелдердің иығындағы жүк ауыр” деген пікірмен толықтай келісетін зейнеткер нәзікжандыларға бұдан бөлек те жақсы жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді дейді.

ҒАЛЫМБЕК ҒАЙСИН, қала тұрғыны:
–  Әйелдерді сыйлап, оларға жеңілдік жасау керек.
Менің әйелім зейнетке шыққалы 10 жылдай болып қалды. Ол 58-де шықты. Пенсияның жасын ұзартқанмен, ештеңе ұтпаймыз.

Надежда Бонак құрметті еңбек демалысына 60 жасында шыққан. Айтуына қарағанда, жас келген сайын жұмыс істеу қиындай түседі. Сондықтан, зейнетке шығу жасы тағы шамалы төмендегенін қалайды.

НАДЕЖДА БОНАК, қала тұрғыны:
–  Ер адамдар да зейнетке ертерек шықса жақсы болар еді деп ойлаймын. Не дегенмен, 63 жас аз емес. Оған жете алмайтындар да бар. Осы жағы да қарастырылса екен.

– АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
Сонымен қатар, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегі 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылатынын мәлімдеді. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейіне – 70%-ға, ең жоғары – 120 процентке дәйекті түрде жеткізу де көзделген.