Өзге әкімдерден шет қалмай, Ерболат Бекшенов те бүгін есеп берді. Айыртау ауданының басшысы баяндамасын ауыл шаруашылығы саласынан бастады. 10 айда көрсеткен нәтижелерін жіпке тізіп, болашаққа жоспарларымен бөлісті. Сөзінше, осы айда Антоновка ауылында жаңа тауарлы-сүт кешені іске қосылмақ. Қарашада Даниядан 200-ден астам голштин тұқымды ірі қара жеткізіліпті. Биыл аудандағы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 6 млрд теңгеден асқан.
Ерболат Бекшенов, Айыртау ауданының әкімі:
– 2022 жылғы 1-қарашадағы жағдай бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,3 млрд теңгені немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ды құрады. Өткен жылға қатысты көлем индексі 115%-ды құрады. Негізгі үлес, яғни, 77,1% жеке инвестицияларға тиесілі.
Айыртау ауданы өзінің әсем табиғатымен ерекшеленеді. Сәйкесінше, бұл жақтағы туризм саласы да жылдан-жылға дамып келетіні сөзсіз. Соңғы 5 жыл ішінде 4,3 млрд теңге инвестиция құйылған.
Ерболат Бекшенов, Айыртау ауданының әкімі:
– Биыл «Солнечное ВИП» демалыс базасындаа мейрамхана ашылды. «Изумрудное», «Ажар» демалыс орындарында қонақ үйлер жаңғыртылды. «Қазығұрт» демалыс базалары ашылды. «Имантау», «Изумрудное», «Черная лагуна» демалыс базалары кеңейтілді. 1 млрд теңгеден астам сомаға «Шалқар Су» шипажайын жаңарту жүргізілуде.
Ерболат Бекшенов 2017-жылдан бері ауданның туристік бағыттары бойынша автомобиль жолдарының 28 шақырымы жөнделгенін қоса өтті. Жалпы, биыл облыстық маңызы бар жолға 700 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. «Саумалкөл-Новоишимское» бағытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шаруа келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 442 млн теңгеге 4 елді мекенде ауылішілік жолдар реттелген.
Ерболат Бекшенов, Айыртау ауданының әкімі:
– Биыл Айыртау ауылында 603 млн теңгеге таратушы желілері бар жергілікті сумен жабдықтау көзінің құрылысы басталды. Арықбалық ауылында орталық блоктық-модульдік қазандық салынды. Ағымдағы жылыту маусымында орталықтандырылған жылытуға 2 көппәтерлі тұрғын үй, 10 жеке тұрғын үй және әлеуметтік мәдени-тұрмыстық, кәсіпкерлік объектілері қосылған.
Айта кетсек, Айыртау ауданында 45 мектеп бар. 2022-де «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында үшеуі күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа 400 млн теңгеге жуық ақша бағытталыпты. Аудан әкімі медицина саласы жайлы да деректермен бөлісті. Қазір ауданда барлығы – 58 дәрігер мен 200-ден астам орта медицина қызметкері еңбек етуде. Биыл қатар 5 маманмен толыққан. Алайда, әлі де кадр тапшылығы сезіледі екен.
Алтынай Казиканова