Боташ Қажымов – Желтоқсан оқиғасын өз көзімен көрген жандардың бірі. Сол кезде азаматқа ұлтшыл деген кінә тағылған. Әскери қызметте жүрген жерлесімізге басшылық “алаңдағы жастарды қама” деп бұйрық берген екен. Бірақ, қазақтың қара көздері мен жалынды жігіттеріне қарсы шығудан Айыртау ауданының тумасы бас тартқан. Сол себепті де солтүстікқазақстандыққа осындай айып тағылыпты.
Боташ Қажымов, әскери зейнеткер:
– Жұмысқа орналасар кезде қиындықтар болды. Қайда барсам да ұлтшыл деген айыптан арыла алмадым. Мені ешқандай жұмысқа алмайтын еді. 88-89 жылдары Мұхтар Шахановпен кездестім. Осылайша, мені қайтадан университетке оқуға алды.
Бұл көтеріліске Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы қызметіне Колбиннің келуі себеп болды. Қазақ жастары “қазақты қазақ қана басқарсын” деп ұрандатты. Солақай саясат қыз-жігіттерді әбден сорлатты. Талайы түрлі айыппен абақтыға жабылды. Осылайша, бұл оқиға талай жалынды жанның тағдырының тас-талқанын шығарды.
Өмір Есқали, “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінің бөлім меңгерушісі:
– Бұл – қаны сорғылап тұрған үлкен көтеріліс. Бұны ұлт- азаттық көтеріліс деп те айтуға болады. Себебі, ол жерде қан төгілді, қоғам екіге айырылды.
Осы күнге дейін мұңы мен әділетсіздігі қатар болған оқиғадан сыр шертер қаншама деректі фильмдер түсірілді. Бұл оқиға тарихтың терең қойнауында қалса да қазіргі жастар аға-әпкелеріміздің ерлігін ұмытпауы қажет.
Гульден Симбаева