2022 жылдың 18-ші қарашасында елімізде «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қолданысқа енгізілді. Оның қандай ерекшеліктері бар? Жаңашылдық нені көздейді? Бұл сұрақтарға облыстық прокуратура қабырғасында өткен жиында жауап берілді.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры:
– Аталған заң 7 тараудан, 48 баптан тұрады. Жаңа заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, ҚР Конституциясында негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.
Адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру – негізгі міндеттердің бірі. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген заңда бұған басымдық берілген. Енді қадағалаушы орган өкілдері жаңа тәсіл бойынша жұмыс істемек.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры:
– Қылмыстық қудалау бағытында новеллалар да бар. Соның бірі – прокуратураның ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен ынтымақтастығы және оның қызметіне жәрдемдесу.
Тағы бір жаңашылдық – прокурорлармен қаралатын шағымдардың тізімінің кеңейтілуі. Осыған дейін көптеген өтініштер уәкілетті органдарға жолданып отырды. Енді дөңгелек үстел басына жиылған мамандар халықтың мәселелерін өздері қарайтын болады. Қоса кету қажет, егер азаматтардың мәселелері бойынша мемлекеттік мекемелер әрекетсіздік танытса, прокурорлар ықпал етіп, тиісті шаралар қабылдайды.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры:
– Сонымен қатар, ҚР Бас Прокуратурасы бірінші рет Конституциялық және Жоғары Соттарға азаматттық, қылмыстық, әкімшілік істер және сот практикасы бойынша түсінік беру туралы ұсыныс жасай алады.
Бизнес те назардан тыс қалмайды. Енді прокурорлар жеке кәсіпкерліктің қызметіне мемлекеттік, жергілікті өкілдік және атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының араласуы туралы арыздарды да қарай алады.
Байболат Култанов