Бескөлдегі ағаш көмірін шығаратын цех осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Шағын зауыт айына 120-130 тонна өнім дайындауға қауқарлы. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Әсіресе, алматылық кәсіпкерлер кәуап әзірлеу үшін көптеп тапсырыс беретін көрінеді. Тіпті, ресейліктер де жергілікті жерде шығарылатын қайың көмірін сатып алуға ниетті. Қазақстандық қажеттілікті қамтуда бұл аздық еткендіктен тағы бір жаңа орын салынған.
СЕРМҰХАМЕТ ОРАЛҰЛЫ, «АБД Орманы» ЖШС құрылтайшысы:
– Осы цехты саламыз деп 1,5 жылдай ниеттендік. Қазір 95 пайызы дайын деп айта аламыз. Алла жазса, 2023 жылдың қаңтар айында іске қосамыз. Барлығы ресми түрде болу үшін экологиялық паспортты даярлау үстіндеміз. Цехтың ерекшелігі жоқ, бірдей. Алдыңғы қателіктерді ескеріп, жаңа цехта жақсылап жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Цехты серіктестік өз қаражатына салған. Сермұхамет Оралұлының айтуынша, алдыңғысына қарағанда бұл жолы көбірек ақша жұмсалған. Өйткені, қазір құрылыс материалдары да қымбаттап кеткені белгілі. Жаңа нысанда барлығы – 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір 30-ға жуық қызметкер ағаш көмірін шығарумен айналысады. Олар үшін серіктестік аумағында бірнеше үй бой көтерген. Ішінде қажеттінің бәрі бар.
СЕРІК ИМАМБЕКОВ, «АБД Орманы» ЖШС бригадирі:
– Көмір шығаратын цехта 4 пеш бар. 1 ауысымда 7 адам жұмыс істейді. Жалақы уақытылы төленіп отырады. Қызметкерлер келген ағашты қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Басшылық тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп отырады. Өзімнің бригадир болып жүргеніме 4 жыл болды. Маған баспана да алып берді.
Кесіліп жатқан ағаштың орнын толтыру реті де қарастырылған. Серіктестік аумағындағы жылыжайда қайың, қарағай мен шырша көшеттері отырғызылды.
СЕРМҰХАМЕТ ОРАЛҰЛЫ, «АБД Орманы» ЖШС құрылтайшысы:
– Ертең ұрпағымызға не қалдырамыз? Сол үшін көгалдандыру туралы да ұмытпау керек. Біздің облыс аққайыңдарымен мақтанады. 1 га ағаш кессек, орнына 2 га отырғызамыз.
Ағаш көшеттерін отырғызу үшін Қозыбаев университетінің ғалымдарымен серіктестік орнатылған. Ғылым өкілдері сирек кездесетін, америкалық тұқымдарды да егіпті.
Алтынай Казиканова Александр