Мәдениет

Тіл тағдыры – ел тағдыры

 

2021 жылы қыркүйек айында Иван Шухов атындағы қалалық кітапхананың жанынан «Sana» әдеби-музыкалық клубы құрылды.
Бүгін аталған ұйым мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Жиын тақырыбы «Әсем саз» деп аталады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы топ ашылғаннан бері мүшелік етеді. Айтуынша, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларға белсене қатысады екен.

МАРАЛ ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
–  Биылғы жылы түрлі тақырыпта іс-шаралар өткіздік. Оның ішінде «Тіл тағдыры – ел тағдыры», тілдің мәндік мағынасын жұртқа түсіндіру керек. Себебі, мемлекеттік тілде сөйлейтін адамдар азайып кетті. Сондықтан, мемлекеттік тілге деген көзқарасты өзгерту бізге маңызды. Бүгін біз ұлттық нақышта өткізуді шештік. Әндерімізді айтып, өлеңдерімізді оқимыз.

«Sana» әдеби-музыкалық клубы өз жұмысын бастағалы 15 шақты іс-шара ұйымдастырылыпты. Негізгі қағида – тек мемлекеттік тілде ұйымдастыру. Себебі, қазіргі таңда ана тіліміз жастар арасында жоғалып бара жатыр дейді «Sana» клубының ұйымдастырушысы Алтынай Сыздықова.

АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, «Sana» әдеби-музыкалық клубының ұйымдастырушысы
– Мақсат – келішулердің кітапханаға деген қызығушылықтарын арттыру. Жергілікті ақындардың, жазушылардың шығармаларын дәріптеу, насихаттау. Бұл ұрпаққа аманат етіп қалдыратын игі істердің бірі болып табылады деп ойлаймын.

Шара соңында «Sana» клубының қызметіне белсенді қатысқан жандар марапатталды.


Гульден Симбаева