Қоғам

Ақжар ауданында жол мәселесі өзекті

 

Өңірде аудан әкімдерінің есебі бастау алды. Бүгін жергілікті коммуникациялар қызметінің алаңында бірінші болып Ақжар ауданының әкімі сөз сөйледі. Қанат Қалиев ағымдағы жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, келер жылы жүзеге асырылатын жобаларды тілге тиек етті.

 Қанат Қалиев, Ақжар ауданының әкімі
– Ақжар ауданы – егіншілік және мал шаруашылығы аймағы. Ауданның жер көлемі ауыл шаруашылығымен айналысуға жеткілікті әрі мүмкіндігі де жоғары. Бүгінгі күні ауданда 48 серіктестік қызмет атқаруда. 42 фермерлік шаруашылық бар және 188 шаруа қожалығы бар. Ағымдағы жылы 63 723 гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде егістік – 3 370 га, жайылым – 52 195 га, шабындықтар – 907 га, басқалары – 7 251 га.

Ақжар ауданындағы ауыл шаруашылығының көрсеткіштері жаман емес. Ағымдағы жылы ауданда егін бітік шығып, қамба астыққа толды. Жалпы, биылғы жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 50 млрд теңгені құрады. Ақжарда тұрғын үй құрылысы саласында оң нәтижелер бар. Жыл соңына дейін 7 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Қанат Қалиев, Ақжар ауданының әкімі
– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 79 млн теңгеге “Талшық, Дәуіт және Ащыкөл ауылдарында электр желілерін салуға “Агроспецмонтаж” өндірістік кооперативімен келісім шарт жасалды. Бүгінгі таңда барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, бас мердігерден пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі – жол. Қанат Қалиевтің сөзінше, ауданға көптен бері жолды қалыпқа келтіру үшін қомақты қаржы бөлінбеген. Тек биыл ғана облыс бюжетінен ақша қарастырылып, 3 млрд теңге бағытталыпты. Нәтижесінде талай жыл бойы тұрғындардың берекесін қашырып келген жол мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Ағымдағы жылы Бостандық пен Киевское ауылдары арасындағы трассаны жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінге дейін ұзындығы 57 шақырымды құрайтын жолдың 7,5 шақырымы қалыпқа келтірілген екен. Сондай-ақ, қомақты қаржыға 3 бірдей елді мекеннің ауылішілік жолдары да қалыпқа келтіріліпті. Алайда, 5 бірдей ауылды біріктіретін трассаға қатысты әлі де проблема бар көрінеді.

 Қанат Қалиев, Ақжар ауданының әкімі
– Бізде ең қиын жағдай Талшық, Ұялы, Ақсары, Майское және Жаңа ауыл жолдарына қатысты. 96 шақырым жолға көптен бері жөндеу жүргізілмеген. 2018 жылы бюджеттен 37 млн теңге бөлінген. Алайда, жауапсыз мердігер істі соңына дейін жеткізбеді.

Келесі мәселе таза ауыз суға қатысты. Қанат Қалиевтің сөзіне сенетін болсақ, бүгінде тұрғындардың 100%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың 87,5%-ы орталықтандырылған сумен жабдықталған екен. Ағымдағы жылы Булаев топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары бастау алған. Осы жобаға сәйкес 6 елді мекенді Булаев топтық су құбырына қосу жоспарлануда.


Дана Ешкенова