КОНСТАНТИН ПИСАРЕНКО, «Прометей-Агро» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:
– Агрономның қызметі бір орында тоқтап тұрмай, әрқашан білімді арттырып отыру керек. Әрі қазір технологиялар да күн санап дамып келеді. Оған ілесіп отыру үшін біліктілікті арттырудың маңызы зор. Заманауи техника мен технологияларды, түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді қолданатын шаруашылықтарға барып, жұмысымен танысудың да өзіндік пайдасы бар.
“Прометей-Агро” серіктестігі мол өнім алуға тырысады. Соңғы жылдары дәнді дақылдар бойынша тұрақты түрде гектарына 20 центнерден жиналады екен. “Мұндай нәтижеге жетуге агрономдық әдіс-тәсілдерден бөлек, техника да септігін тигізетіні сөзсіз.
КОНСТАНТИН ПИСАРЕНКО, «Прометей-Агро» ЖШС бас агрономы, Есіл ауданы:
– Егіс кешендерінен бастап біздегі барлық техника шетелден алынған. Бүріккіштер мен астық жинайтын комбайндардың түгелі “CLAAS” компаниясыныкі. Бұл, әрине, егінді шығынсыз жинап алуға көмектеседі.
Айта кетсек, серіктестік 25 жыл бұрын құрылған. “Ол кездері қазіргідей техника түске де кірмейтін”,-дейді шаруашылық жетекшісі Юрий Шоль. “Прометей-Агроның” алғашқы жылдары оңайға соқпаған көрінеді.
ЮРИЙ ШОЛЬ, «Прометей-Агро» ЖШС жетекшісі, Есіл ауданы:
– Қызметкерлердің айлығын төлейтін жағдай да болмады. Техника да керек. 90-жылдары біраз қиындыққа тап болдық. Дизель отыны, май мен қосымша бөлшектердің қымбаттығы серіктестіктің аяқ алысына әсер етпей қоймады. Соған қарамастан ісімізді тоқтатпадық. 2000 жылдары мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіле бастады.
“Прометей-Агро” ауыл тұрғындарына да көмектесіп тұрады. Соңғы 4 жылда серіктестік өз қызметкерлері үшін 13 үй салып берген. Биыл қоныс тойын 8 отбасы атап өтуі керек. Сондай-ақ, шаруа қожалығының көмегімен жабық хоккей корты, дәмхана салынды. “Прометей-Агро” ұжымы жергілікті мектепте жөндеу жұмыстары үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге де қол ұшын тигізіпті.
Алтынай Казиканова