«Дарын» мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Ерлан Мәкен осыдан бірнеше күн бұрын республикалық «Үздік педагог» байқауында топ жарды. Марапат – оқу ағарту министрі тапсырған куәлік пен төсбелгі және 3 млн теңге. Жүзден жүйрік атану үшін ұстаз бірнеше сыннан өтіпті. Ең соңында өзге қалаға барып, оқушыларға сабақ берген.
ЕРЛАН МӘКЕН, «Үздік педагог-2022» байқауының жеңімпазы:
– Қарашаның 14-і күні Астана қаласындағы 85-ші мектеп-лицейінде сабақ бердім. 6-шы сыныпқа Қазақстан тарихы пәні бойынша Қарахан мемлекеті туралы түсіндірдім. Сабақты қызықты қылып өткізуге тырыстым.
Жалпы айта кетсек, биыл байқауға 5 мыңнан аса отандық педагог қатысыпты. Олардың ішінен 120-сы ақтық сынға жолдама алған екен. Ал «Үздік педагог-2022» байқауында 64 мұғалім жеңімпаз атанған. Оның 5-еуі – солтүстікқазақстандық. Ерлан Мәкен оқушыларға әр тақырыпты қызықты қылып түсіндіруге тырысатынын айтады. Балалар айтылғанды ұғу үшін сергіген де дұрыс. Маман сабақтарын ойын ретінде ұйымдастыратын көрінеді.
ЕРЛАН МӘКЕН, «Үздік педагог-2022» байқауының жеңімпазы:
– Әр мұғалім балаларға жақын болуы керек. Бір тілде сөйлесу керек. Қазіргі таңда балалар білімді интернеттен алады. Мұғалімдер солармен қатар болуы қажет. Балалардың мотивациясын көтеру қажет.
15 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Ерлан Мәкен алдағы уақытта осындай байқауларға жиі қатысып, кеудесін төсбелгімен толтыруды мақсат етіп отыр.
Гульден Симбаева