Қызылжар ауданындағы Налобино ауылындағы мына үйде облысымыздың бетке ұстар тыл еңбеккері Николай Мелёхин тұрыпты. Қазіргі таңда баспанада оның немересі Виктор Мелёхин түтін түтетіп отыр. Жерлесімізбен тілдесіп, атасы жайлы ақпар алу үшін елді мекенге арнайы бардық. Қара шаңыраққа Виктордың ата-анасы да келіпті. Бізді жаны жайсаң жандар жылы шараймен қарсы алып, төрін ұсынды. Әңгімеміз таңғы шай барысында өрбіді.
АЛЕКСАНДР МЕЛЁХИН, Николай Мелёхиннің ұлы:
– Әкем трактор мен комбайнды қатар тізгіндеді. Бұл менің де қызығушылығымды оятты. Бала күнімнен техникаға әуес болдым. Кейін техникумға оқуға түстім.
Техникумда оқып жүргенде Александр Мелёхин рөлге отырыпты. Әкесі сияқты комбайн мен тракторды қатар тізгіндеген екен. Осылай 47 жыл ғұмырынның қалай өтіп, зейнетке шыққанын байқамай қалған. Ең қызығы, қазір тыл еңбеккерінің немересі Виктор Мелёхин де ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Қанмен келген қасиеттің арқасында ол алып техникаларды басқаруды небәрі 14 жасында үйренген.
ВИКТОР МЕЛЁХИН, Николай Мелёхиннің немерісі:
– Атаммен бірге жиі уақыт өткізетінмін. Балыққа баратынбыз. Техникаға деген қызығушылығымды сол кісі мен әкем оятты деп ойлаймын.
Түзде білікті маман, ал үйде адал жар мен қамқор әке. Николай Мелёхинді келіні Надежда Ивановна осылай суреттейді. Нәзікжандының сөзінше, азамат жұмсақ мінезді, өте көңілді кісі болыпты.
НАДЕЖДА МЕЛЁХИНА, Николай Мелёхиннің келіні:
– Николай Мелёхиннің қолында 10 жыл бойы тұрдық. Отбасымыздың тірегі болды. Әулеттің бірлігін сақтады. Үйімізден қонақтар үзілмейтін. Келген мейманға қайын атам ән айтып, аспапта ойнап беретін. Шаңырақта ұрыс-керіс болып көрмепті.
Механизаторлар әулетінің қатары жақында тағы бір маманмен толықпақ. Қазіргі таңда Николай Мелёхиннің шөбересі Александр да Қызылжар ауданындағы агроқұрылымдардың бірінде еңбек етуде. Бірақ, әзірге, техникаға отырмапты. Биыл қолына дипломын алғаннан кейін комбайн мен тракторды тізгіндемек ниетте.
АЛЕКСАНДР МЕЛЁХИН, Николай Мелёхиннің шөбересі:
– Сара жолды жалғауды жөн көрдім. Атам үнемі “еңбектің наны тәтті” дейді. Сол себепті, қазіргі таңда еңбек етіп, тәжірибе толықтырып жатырмын. Білмегенімді әкемнен сұрап отырамын.
Ұрпағына үлгі болып, сара жол салған Николай Мелёхиннің ерен еңбегіне тоқталып өтейік. Қиын-қыстау 66-шы жылдың күзінде азамат 10 мың центнер астық құлатыпты. Сол кез үшін бұл – рекордтық көрсеткіш. Механизор “Алтын жұлдыз” және “Ленин” орденімен марапатталған. Қазіргі таңда Николай Михаилович жайлы аз-кем деректер Налобино орта мектебіндегі шағын музейде сақтаулы тұр.
Алдияр Айтпаев